Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының ангиохирургтары Мұхан АМАНОВ пен Рахым САДИБЕК ота жасаудағы күрделі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оң жақ ішкі ұйқы артериясына күрделі операция жасады. Бұл – облыс тарихындағы оның ішінде хирургия саласындағы алғашқы ем-шара, деп хабарлайды Hronika.kz денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараз қаласының 62 жастағы тұрғыны облыстық көпбейінді ауруханасына әлсіздік, бас ауруы секілді шағымдармен қайырылған. Дәрігерлер медициналық қарап-тексеру жүргізіп, оған оң жақ ішкі ұйқы артериясының патологиялық бұзылуы диагнозын қойған.
Ішкі ұйқы артериясының патологиялық бұралуы – бұл жергілікті және жалпы ми қан айналымын бұзатын бұрыштық өзгеріс, ол белгілі бір жағдайларда жедел ми қан айналымының бұзылуына алып келуі мүмкін. Дер кезінде анықтап, хирургиялық араласу арқылы дерттің көзі алынбаса, адам мүгедектікке ұшырауы немесе жалпы жағдайы қиындауы мүмкін.
Жедел ми қан айналымының бұзылуы — еліміздегі өзекті медициналық мәселелердің бірі.
Хирургиялық емдеудің негізгі мақсаты – ішкі ұйқы тамырының патологиялық бұралған бөлігін алып тастап, оны жалпы ұйқы артериясына қайта қосу. Бұл әдіс — артерияны түзетіп, оның бойындағы қан айналымын жақсартуға мүмкіндік береді.
Білікті дәрігерлердің арқасында отадан кейін пациенттің жағдайы айтарлықтай жақсарып, өзін өмірге жаңадан келгендей сезінген азамат дәрігерлерге алғысын айтты.
Отаның сәтті өтуі – медициналық практикадағы жоғары кәсібилік пен инновациялық тәсілдердің дәлелі.
Жамбыл облысының тамыр хирургиясы саласындағы бұл маңызды жетістік — өңірдің медициналық практикасына жаңа серпін беріп, мұндай аурулардан зардап шегетін науқастардың өмірін арттыруға мүмкіндік туғызады.
Айта кетейік, ота «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы шарты негізінде МӘМС қаражаты есебінен жасалынды