Атажұртқа оралған қандастардың тағдыры екі деректі фильмге арқау болды

Қайтейік енді

09.11.2026,

  в 13:30

323

Фильмде қандастардың азаматтық алудағы қиындықтары мен қоғамға сіңісу мәселелері көтеріледі

Алматыда атажұртқа оралған этникалық қазақтардың өмірі мен елге бейімделу барысында кездесетін қиындықтарын баяндайтын екі деректі фильмнің көрсетілімі өтті. Қос фильмде қандастардың азаматтық алу кезінде тап болатын кедергілері мен қоғамға сіңісу мәселелері көтерілді. 

«Тұрсынхан апайдың шеберханасы» және «Аспаз қандастың арманы» атты деректі фильмдердің режиссері Тілек ЫРЫСБЕК кезінде Шыңжаңның Іле Қазақ автономиялық облысынан Қазақстанға қоныс аударған. 

Екі фильмде де Қытайдан Қазақстанға көшіп келген қандастардың жаңа ортаға бейімделу жолы, күнделікті өмірі мен кездесетін қиындықтары көрсетілген.

Қандастардың өмірі мен мәселелеріне арналған деректі фильмдер сериясын 2021 жылдан бастап түсіріп келе жатқан режиссердің айтуынша, олардың елге бейімделуіне бірнеше фактор кедергі келтіреді.

«Қытай қазақтары елге келгенде төте жазумен білім алғандықтан, кириллицаны танымауы бастапқыда қиындық туғызады. Сонымен қатар азаматтық алып береміз деп уәде ететін делдалдарға алданып қалатындар да бар. Сотталмағаны туралы анықтама, тіркеуден шығару сияқты бюрократиялық құжаттарды алу да қиындық туғызады. Менің айтқым келетіні – шетелден келген қазақтарды өзгелер деп қабылдамай, өзіміздің қандастарымыз ретінде көрсе екен. Олардың ата жұртына сіңісіп кетуіне, керісінше, қоғам болып көмектесуіміз керек», – деді Тілек Ырысбек.

Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1,16 миллион қандас оралған. Олардың 57,4 пайызы еңбекке жарамды азаматтар.

Фото мен видео: © Hronika.kz / Перизат Жарылқасын.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!