«Прокурорлар әулеті» Бейсембаевтар не бүлдірді

Дау-дамай

11.10.2025,

  в 16:00

264

Бұлар бір бизнесменді өлердей қорқытып, оны әбден тонаған екен

Самат БЕЙСЕМБАЕВ деген біреу бар екен. 2016 жылдың ақпан айынан 2019 жылдың наурызына дейін Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінде аға офицер болып қызмет еткен. Жұмыстан бір шығып, 2001 жылдың мамырында қызметке қайта келді. 2021-2022 жылдары Қостанай облысының Экономикалық тергеу департаментінде, 2022-2023 жылдары Ақтөбе облысының Экономикалық тергеу департаментінде, сосын 2024 жылдың қыркүйегіне дейін – Павлодар облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде лауазым атқарған.

Енді оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және бопсалау бабы бойынша айып тағылды.

Сөйтсек, бұл Самат қайда қызметте жүрсе де, тұрақты түрде павлодарлық кәсіпкер Мәди СМАҒҰЛОВТЫҢ “қанын ішіп”, бопсалап-тонап келген екен. Самат Мәдимен 2017 жылы танысқан, кәсіпкер “шенді көкенің” отбасына арнап монша кешенін салып берген.

2020 жылы Мәди Смағұлов Екібастұзда су құбырын жөндейтін мердігерлердің бірі болған, бірақ пандемияның кесірінен әкімдік мердігерлерге ақшаны уақытылы бере алмапты.

Жұмысты жалғастыру үшін кәсіпкер «Халық банкінен» 100 млн теңге кредит, Бейсембаевтан 250 мың доллар қарыз алыпты. (Самат ол кезде органдарда қызметте болмаған). 2020 жылдың желтоқсанында кәсіпкер танысынан алған қарызын процентімен қоса қайтарып берген. Бірақ одан кейін Бейсембаев Смағұловтан қолма-қол ақшамен тағы 40 млн теңге талап етіпті. «Өйтпесең сені қырам да жоям, шоттарыңды бұғаттап, өміріңді көмір қылам» деп қорқытқан екен.

Кәсіпкердің Саматтан қорқатындай жөні бар еді, өйткені әлгінің Жұмағелді С. және Бейсембаев Д. дейтін туған бауырлары прокуратурада жұмыс істейді. «Бастан құлақ садақа» деген Смағұлов Самат сұраған 40 миллион теңгені қолма-қол ақшамен әкеп берген. Сонымен құтылам деп ойлапты.

Бірақ бұл әлі басы ғана екен.  

2021 жылдың наурызында Самат Бейсембаев«Kaspi Bank» АҚ арқылы автокредитке 2016 жылғы Toyota Camry алып, ай сайын төленуі тиіс 332 мың теңгені Смағұловтың мойнына ілген. Содан Смағұлов 12,5 млн теңгені төлеп тынды.

2021 жылдың тамызында Бейсембаев көлік ауыстырамын деп Смағұловқа тағы 15 млн теңге төлеткен.

2021 жылдың қазан айында Бейсембаев тағы 30 миллион талап етіп, оны тауып беру үшін Самат әйелінің пәтерін кепілге қойып, «Халық банктен» кредит алған.

2022 жылдың қазанында Смағұлов екі танысын пәтерін кепілге қоюға көндіріп, кредитке алынған 46 миллион теңгені Павлодарға барып, Бейсембаевқа әкеп берген.

2022 жылдың қарашасында – 15 млн теңге.

2022 жылдың желтоқсанында – 2015 жылғы Lexus LX 570 көлігін сатып алуға 33 млн теңге.

2023 жылдың сәуірінде – Бейсембаев 50 млн теңге кредит алып, ай сайын 1,2 млн теңгеден төлеуге Смағұлов міндетті болды.

2023 жылдың мамырында – 2019 жылғы BMW X7 XDRIVE40i көлігін алуға 48 млн теңге.

2023 жылдың маусымында – 12,8 млн теңге қолма-қол ақшамен.

20.12.2023 жылы тағы қызық болды. Бейсембаев 10 миллион теңге талап етті. Ол кезде Смағұловтың «АльянсСтройКорпус» ЖШС-і Май аудандық ауруханасының шатырын жөндеп жатқан. Бейсембаев, тергеу материалдарына сәйкес, «белгісіз біреуге қоңырау шалып, өзін антикордың адамымын деп таныстырып, атқарылған жұмыстар актісіне қол қойып, ЖШС-ке ақшасын аудар» деп әкіреңдеген.

Не деген құдірет, құрылыс жұмыстарының әлі аяқталғанына қарамастан актіге қол қойылып, “АльянсСтройКорпус” ЖШС-інің шотына 34 376 663 теңге түскен.

2024 жылдың мамырында – Kia Carnival көлігіне 18 млн теңге.

2024 жылы маусым айының басында – 2021 жылғы Toyota Hilux көлігі үшін төлем – 13,5 млн теңге.

2024 жылы маусым айының ортасында – ағасының алдындағы қарызды жабу үшін 30 млн теңге және демалысқа жолдама алу үшін 3 млн теңге.

2024 жылдың тамызында – 2023 жылғы BMW‑530i XDRIVE көлігін алуға жетпей жатыр деп 12 млн теңге.

2024 жылдың 19 қыркүйегінде – Смағұловты соққыға алып, 120 млн теңге талап еткен.

Тергеушілер есептегендей, Смағұловтың Самат пен оның прокурор-бауырларынан қорқатыны сонша, оған жалпы 396 069 000 теңге төлеп тастаған.

Смағұловтың ПРИЛЕПСКАЯ деген енесі тіпті мұның екінші әйелі бар-ау деп ойлапты, өйткені «күйеу бала соңғы екі-үш жылда жұмысқа басымен кіріп кетсе де, тапқан көк тиын ақшасын көрмедік», депті.

Фото: видеодан скрин.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!