Қызғаныш деген қызыл ит: Талғат әйелін тепкілеп тастады

Қайтейік енді

24.07.2025,

  в 12:42

141

Соған қарамастан түрмеден құтылып кетті…

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бұрын сотталмаған, 1985 жылы туған Түркістан облысының тумасы, жұмыссыз Талғат У.-дың ісі қаралды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабының (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін айыпталды.

Айыптау актісіне сай, Талғат 2025 жылдың 6 наурызында өзінің азаматтық некедегі жолдасы Л. және оның қызымен бірге Алматыдан Шымкентке жолға шыққан. Түнгі сағат 03:00 шамасында Шымкент қаласындағы «Астро» қонақ үйіне тұрақтаған. Сосын Шымкенттегі өзінің үй-ішіне барып, таңғы сағат 04:30-да қонақ үйге оралады. Бұл уақытта азаматтық некедегі жолдасы ұйықтап жатқан. Талғатымыз тек тұрмай, «жолдасының» телефонын ашып, ішіндегі суреттерді ақтарған да, оның бөтен еркектермен бірге түскен суреттерін көрген соң қызғаныштан жарылған.

Ол «әйелін» теуіп оятып, аяусыз соққыға жықты. Л.-ді оңдырмай сабап тастап, оқиға орнынан кетіп қалған.

Жәбірленуші полицияға хабарласты. Сот-медициналық сараптама қорытындысы жабық бас-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, қабырғаның сынуы сияқты диагноздар қойған.

Сотта Талғат кінәсін толық мойындап, қазір жәбірленушімен татуласқанын айтты. Соттан өзіне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

«Жәбірленуші» де көрген «жәбірін» ұмытып кетіп, сотталушыға кешірім бергенін, онымен татуласқанын, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

  • Сот Талғаттың кінәсін толық мойындап, шын ниетпен өкінуін, жәбірленушінің кешіргенін, кәмелетке толмаған 4 баласы барын жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
  • Оған 4 жыл мерзімге шартты жаза тағайындап, жәбірленушілердің өтемақы қорына 78 640 теңге өндіруге үкім кесті.

Фото: pexels.com.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!