Home Credit Bank өзінің клиенті болмаған біреуді қораға тықты

Қайтейік енді

20.03.2026,

  в 15:00

442

«Жолайтын банк емес» деп одан аулақ жүрсең де бәле-жалаға тап болуың мүмкін

Астанада тып-тыныш жүрген Ержан НҰРХАНОВ деген кісіге былтыр «Ұлттық банктың қызметкерлеріміз» деп хабарласқан белгісіз алаяқтар оның 3 168 706 теңгесін қолды қылған.

Полиция іс қозғап, Нұрханов «жәбірленуші» деген жайсыз мәртебеге ие болды. Бірақ полицейлер алаяқтардың кім екенін сол күйі таба алмай, 2025 жылдың күзінде тергеу тоқтатылды.

Алаяқтардың өзі табылмаған соң Нұрханов не істейді? Мұның ақшасы әрине, дропперлердің карталары арқылы ұрланған. Сол дропперлерге қарсы «негізсіз байыды» деп сотқа берді.

Дропперлердің бірі Шахтинск қаласында тұратын Любовь КАНДАРЛА дейтін әйел екен. 2025 жылдың 22 тамызында Нұрханов терминал арқылы оның Home Credit Bank картасына 510 мың теңге аударған. Азаматтық істі Қарағанды облысы Шахтинск қалалық сотының судьясы Асқар МЕЛЛЯТОВ қарады.

Ең қызығы, әлгі Кандарла сотта көзін ашып, есін білгелі Home Credit Bank-тің клиенті болмағанын бірден айтты. «Нұрхановты танымаймын, Home Credit Bank-те шотым болмаған, оның карточкасын өмірі ұстамағам, әлгі 510 мың теңгенің түрін де көрмедім», дейді.

Судья үш рет Home Credit Bank-тен Кандарланың банктегі шоты туралы және аударылған ақша туралы деректерді сұрайды.

Ал Home Credit Bank тым-тырыс болып, судьяға ешқандай ақпарат бермей, уақыт созып отыра береді. Мұның себебі – Home Credit Bank-тегі Кандарланың атындағы шотты Кандарланың өзі ашпағаннан болса керек.

Бірақ сот актісінде Кандарланың банк картасын өзі аштырмағаны мен алаяқтардың құрбанына айналғаны – оны жауапкершіліктен құтқармайтыны айтылады.

Ақыры судья Меллятов «Нұрханов Ержанның Кандарла Любовьқа қатысты негізсіз баю сомасын өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылсын. Кандарладан Нұрханов Ержанның пайдасына 510 мың теңге мөлшерінде ақша қаражаты, сондай-ақ өкілдің көмегі үшін 50 мың теңге мөлшеріндегі шығындар өндірілсін», деген шешім шығарды.

Шешім күшіне еніп, Любовь Кандарла оған шағым түсірген жоқ.

Айтпақшы, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлерінің құлағына алтын сырға: егер олар белгісіз тұлғалардың Любовь Кандарланың атына виртуалды карта ашып алуы фактісін тексерейік деп шешсе, онда Home Credit Bank айыппұл арқылы ел бюджетін тағы 1,3 млн теңгеге толықтырайын деп тұр.

Фото: yandex.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!