Қайтейік енді
24.11.2025,
в 13:30
316
2024 жылдың қыркүйегінде оңтүстіктен Павлодарға көшіп келген Әділет ХАМИТОВ – сынықшы дәрігер (травматолог) еді. Көшіп келіп, Павлодардағы қалалық №1 ауруханаға жұмысқа кірген. Бір айдан соң қоныс аударушылардың өңірлік квотасына ену және көшіп келгендерге арналған материалдық көмекті алу мақсатында Мансап орталығына жүгінген. Оған «мына құжаттарды әкелесің» деп сала-құлаш тізім беріпті. Оның ішінде отбасы мүшелерінің Павлодардағы тұрақты тіреуі туралы анықтама да болған.
Дәрігердің Павлодарда туысы болмаған соң, ол бірден тіркеуге тұра алмапты. Кейін бір әріптесінің әке-шешесінің үйіне тіркеліп, 2024 жылдың желтоқсанында Мансап орталығына тағы келеді. Сөйтсе, бұлар оған 2024 жылға арналған квота таусылып қалды дейді.
Дәрігер қаңтарда Мансап орталығына тағы келсе, ендігі ереже өзгеріп кетіпті. Енді өтінішті тек «Migration.enbek.kz» веб-порталы арқылы электронды форматта немесе «электронды үкімет» арқылы ғана беру керек екен. 2025 жылы 6 ақпан мен 3 наурызда ол веб-портал арқылы, сосын ХҚКО арқылы өтініш беруге тырысқан, бірақ қырсық жүйе “Павлодарда тіркеуде тұрған адам екенсің” деп, өтінішін қабылдамай қояды. Сосын Хамитов 21 сәуірде, 13 және 20 мамырда «Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығына» үш рет жүгінген, ол жерде де «Migration.enbek.kz» порталында тіркелген өтінішің жоқ деп, қоныс аударушылардың өңірлік квотасына енгізе алмаймыз дейді. Дәрігердің сотқа баруына тура келді.
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі дәрігердің тұрақты тіркеуі өзгеруіне байланысты қоныс аударушы ретінде өтініш беретін заңды мүмкіндігі болмағанын растады. Сонымен қатар, биыл қаңтар айынан бастап күшіне енген жаңа ережелер бойынша, өтініш тек веб-портал арқылы электронды форматта берілуі тиіс екенін, алайда ол порталдың жұмыс істемегенін айтты.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының өкілі “өңірлік квотаға енгізу – басқарма емес, Мансап орталықтары көрсететін мемлекеттік қызмет” екенін түсіндірді. Олар “біздің еш кінәміз жоқ” деп, дәрігердің талабын қанағаттандырмауды сұрады.
Еңбек мобильдігі орталығы да талапты қанағаттандырмауды сұрап, қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар туралы деректерді енгізу құзіреті оларда емес, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында екенін алға тартты.
Мансап орталығы да жағдайға ықпал ете алмайтынын айтты. Комитет пен еңбек ресурстарын дамыту орталығының өкілдері де түк қатысымыз жоқ деп қарап отыр.
Қарап отырсақ, бір емес, төрт (!) мемлекеттік құрылым: жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, еңбек мобильдігі орталығы, мансап орталықтары және еңбек ресурстарын дамыту орталықтары – бір қоныс аударушының мәселесін шеше алмады!
Сот Мансап орталығы қоныс аударушыларға төлемдерді реттейтін ережелер нормаларын қате түсіндіргенін, ал жергілікті тіркеудің болуы туралы талап артық және заңға сәйкес емес екенін анықтады. Іс жүзінде квотаға енгізілмей тұрып Павлодарда тіркелгені талапкердің өз құқықтарын жүзеге асыруына кедергі болған.
Сот заңнама мен ережелерде көзделмеген құжаттарды талап ету, сондай-ақ веб-портал арқылы өтініш берудің тиісті техникалық мүмкіндігінің болмауы жеңілдіктерді беруден бас тартуға құқықтық негіз бола алмайтынын атап өтті.
Сот талапкердің тығыз қоныстанған өңірден қоныс аударып, өмір сүру үшін Павлодар облысын таңдағанын, онда ота жасайтын хирург ретінде жұмыс істеп, азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша әлеуметтік маңызды функция атқарып отырғанын ескерді.
Сот шенеуніктерге дәрігерді 2024 жылдың қазан айынан бастап қоныс аударушыларды қабылдау өңірлік квотасына енгізуді және сол күннен бастап материалдық көмек алуға құқығын тануды міндеттеді.
Дәрігердің құқықтарын бұзған лауазым иелеріне шара қолдану туралы жеке ұйғарым шығарылды. Мансап орталығының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Фото: gov.kz.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
21.11.2025,
10:30
19.11.2025,
13:30
23.11.2025,
12:00
20.11.2025,
09:00
Реклама
Реклама