Жұмысқа келмей, “тойлатып” жүретін Назарбаев қалай көтерілді

Қайтейік енді

21.07.2025,

  в 13:37

814

Компартияға оны кім кіргізді

Биыл Теміртаудың 80 жылдық мерейтойы. Теміртаудың бар тарихы металлургия зауытымен байланысты, жылда шілденің үшінші жексенбісінде бұл қалада Металлургтер күні тойланады. Бұл мейрам 1957 жылы КСРО Жоғары кеңесі Президиумының жарлығымен бекітілген.

Осы тұста біз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫ еске алмақпыз, өйткені ол кісі өзінің металлургия зауытындағы қарапайым жұмысшыдан бастап ел президентіне дейін көтерілгенімен мақтанушы еді.

1957 жылдан бастап қала мен зауыттың құрылысына жастар көптеп келе бастады, алғашқы лектердің бірімен мұнда жас Назарбаев та келген-ді. Сол жылы Қазақстанда ең алғашқы домна пеші салынды, кокс-химиялық цех тұрғызылды, тұңғыш кокс батареясының құрылысы басталды.

Бірақ шындығында болашақ президент оның түгін көрмеген, ол басқа жас жұмысшылармен бірге ауылдағы жатақханаға орналасқанымен, іле-шала оқуға Украинаға жіберілді.

Жалпы, Назарбаевтың жастық шағы Тұңғыш президенттің ресми өмірбаянындағыдай емес, одан әлдеқайда “көңілді” өткені анық.

Алдымен Назарбаев атышулы Политехте, қазіргі Сәтбаев атындағы Қарағанды техникалық университетінде ешқашан оқымаған. Оның ол жерде болғаны мен диплом алғаны туралы нақты мәлімет табылмады.

Есесіне қолымызға Суртан НАЗАРБАЕВ пен оның ұстазы туралы талай жыл бұрын жарық көрген қызықты мақала түсті.

Журналистке сұхбат берген – домна цехының аға шебері Кузьма ГЕРАЩЕНКО. Ол Қазақстанға семьясын ертіп Уралдан келген.

“Теміртаудан сенің атыңа шақырту келді, домнаны іске қосуға барасың”, — дейді. Үйге келіп, оны әйеліме айттым. Ол: “Ине қайда кетсе, жіп соңынан ереді”, — деді.

Кузьма Павлович бір сәт үнсіз қалды, қолындағы шылымын бір айналдырып, оны тұтатып алып, сөзін әрі жалғастырды:

— Жасырмаймын, жаңа жерде басында қиын болды. Бірақ тез үйреніп кеттім, ұжыммен де тіл табысып кеттім. Домнаны салып біткенше жанымдағыларға білмегендерін үйреттім, өзім де көп нәрсе үйрендім. Домнаны өз қолыммен тұтаттым, аға шебер болып жұмыс істей бастадым.

— Жаңадан келгендерді қалай тәрбиеледіңіз, қалай жұмыс істедіңіздер? — деп сұрайды журналист.

— Небір жағдайлар болды, — деп жымия жауап берді Кузьма Павлович. — Кейбірімен ұрсысуға да, жаза қолдануға да тура келді. Бірақ адамдарға әсер етудің ең тиімді жолы – іші-бауырына кіріп сөйлесу…

Бұл әңгіме Суртан НАЗАРБАЕВ туралы еді.

Алғашқы домна іске қосылғанда, суық шойын қоймасына қатардағы жұмысшы болып Суртан Назарбаев келді. Ақылды, бірақ тентектеу жігіт еді. Кейде бірнеше күн қатарынан жұмысқа шықпай қалатын. Назарбаев бізді әбден әуреге салған, бірнеше рет жаза қолдандық, қылықтары жиналыста қаралды. Ол да көмектеспеді. Ақыры оны цехтағы жұмыстан шығару туралы шешім қабылданды.

Мұны естіген Кузьма Павлович “түзелмейтін” жігітті домнаға алуды ұйғарды. Суртан төртінші горновой болды. Бір аптадай тыныш жүрді де, ескі әдетіне қайта басты – ішімдік “ұрттап” алған күйде жұмысқа бір сағатқа кешігіп келді. Кузьма Павлович Назарбаевтың адресін тауып, кешке үйіне барды. Сөйтсе, Суртанымыз карта соғып отыр екен. Бұл жолы ол ұрысқан жоқ. Жай ғана сөйлесті, — деп жазады журналист.

Геращенко сабырлы еді, жұмыстан шығармады. Керісінше, тағы көтеріп, Назарбаевты үшінші горновой етті.

— Келесі күні-ақ Кузьма Павлович Назарбаевты үшінші горновой етіп қойды. Бригада таңғалды: Геращенко жұмысқа келмейтін жауапсыз адамды жазалаудың орнына көтермелеп жатыр деп. Бұған Назарбаевтың өзі де таң қалды. Сол кезден бастап Назарбаев өзгере бастады. Көз алдымызда күн сайын түрленіп, жігерлене жұмыс істейтін болды. Жиындарда сөз сөйлегіш белсендіге айналды, еңбек тәртібін бұзғандарды ашық сынай бастады.

Кейін Кузьма Павлович тағы екі рет Назарбаевтың үйіне барған. Соңғысында оған институтқа оқуға түс деп ақыл айтты. Арада жарты жыл өтпей Назарбаев бірінші горновой атанды, оның есімі елдегі үздік металлургтерінің бірі ретінде атала бастады. Оның портреті Құрмет тақтасына ілінді. Алматыға оқуға кетерде Суртан Кузьма Павловичке келді:

— Сізге көп рахмет, құрметті дядя Кузьма. Тәрбиелегеніңіз үшін, партияға кандидат ретінде ұсынғаныңыз үшін үлкен алғыс!

Бірақ Геращенконың қанын ішкен жалғыз Назарбаев болған жоқ. Суртандай талай жігітті Геращенко түзеп шығарды, — деп аяқтайды журналист.

Сол уақыттар, ондағы адамдар, сол жер мен ондағы оқиғалардың бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірбаянымен дәл келіп тұр. Ал “Суртан” деген есім – журналистің қателігі немесе әдейі өзгертілген есім болуы мүмкін. Ол кездері мемлекеттік БАҚ-тар адам есімдерін жиі өзгертіп беретін.

Фото: “Профсоюз казахстанской Магнитки”, “Магнитка – Алтын бесiгiм”.

Ықшамдап аударған А.Олжаев.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!