Арыс қаласында бір аферист 600 адамды алдап кетті

Қайтейік енді

14.02.2026,

  в 14:00

213

Тәртіп сақшыларының күдіктіні қамауға алмағаны көпшіліктің ашуын тудырды

Түркістан облысы Арыс қаласында 600-ге жуық адам алаяққа алдандық деп шу шығарды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Тұрғындардың барлығы тауарға несие рәсімдегені үшін үстінен 10 пайыз сыйақы алған. Ал сан соқтырып кеткен адам кредитті қолма-қол ақшаға айналдырып, ізім-ғайым жоқ болды деп отыр.

Қарызға белшеден батырып кетті деген жандар бірнеше айдан бері күдіктіні таппай жүр.

Арыстықтар арыздарын арқалап полиция бөлімшесіне бүгін тағы келді. Салы суға кеткен көпшілік күдікті бөтен емес араласып жүрген таныс адам дейді. Барлығына тауарға несие алдыртып, үстінен 10 пайыз сыйақысын беріпті. Ақыр аяғында ақша да, бонус та жоқ із-түссіз жоғалды деп ашынады.

– Бонус аласыз ба? Мен сізге осылай рассрочка шығарып беремін деді. 4 миллион сұрап еді менің счетымнан. Сөйтіп еді бірден бере салды. Мен өзім ай сайынғы төлемін төлеп тұрамын деді. 3 жылдан бері төлеп келе жатқан. Аяқ асты жоқ болып кетті. 10 процент бонус беретін. 2 миллион шығарып берсеңіз 200 мың теңге. Біз жанұямызбен 11 миллион 550 мың 600 теңгеге алдандық, – дейді Арыс қаласының тұрғыны Қанат ӘБДІРАЙЫМОВ..

Қазір 600-ге жуық адам банктегі қарыздарын төлей алмай сергелдеңге түскен. Олар сан соғып қалғандардың саны күн өткен сайын көбейіп жатқанын жеткізді. Бірақ тәртіп сақшыларының күдіктіні қамауға алмағаны көпшіліктің ашуын тудырған.

– Осы күнге дейін ол кісі әлі ұсталған жоқ. Іздестіріп жатырмыз дейді. Ал біздің несиеміз күннен күнге өсіп бара жатыр. Күніне 2 мың теңге қосылып жатыр. Қазіргі таңда айына 900 мың теңге төлеуім керек менің. Біздің атымыздан 15 миллион шығарылған. Оны төлемесек счеттің бәрі құлттанып жатыр. Арыз- шағымдарымызды жазып қойдық. Бірақ қаралып жатқан жоқ, – дейді Арыс қаласының тұрғыны Индира ҚҰЛСАЕВА.

Полиция «алаяқтық» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр деп сендірді. Алайда әзірге ешқандай нәтиже шықпапты.

– Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті анықталды. Оны іздестіру және ұстау бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Алдын ала мәліметтер бойынша Шымкент қаласының тұрғыны азаматтардың сеніміне кіріп тауарлық несие рәсімдеген. Және оларды өтеу бойынша міндеттемелерді орындамаған, – деді Бауыржан ЗИЯТОВ, Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары.

Тәртіп сақшылары алаяқтар оңай олжа іздегендерді құрыққа тез түсіреді деп отыр. Сондықтан адамдарға қаржылық сауаттылықты арттырып, сақ болуға шақырады.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!