Ақтөбеде 150 отбасы тұратын жатақхана құлайын деп тұр

Қайтейік енді

18.02.2026,

  в 15:30

427

Шатырдан су сорғалап, терезелер шытынап, қабырғалар үгітіле бастады

Ақтөбелік 150 отбасы тоз-тозы шыққан баспанада өмір сүруге мәжбүр. Тұрғындардың сөзінше, жергілікті билік мәселенің жай-жапсарынан толық хабардар болса да ешқандай шара қолданбаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл жатақхананың қирап, тозығы шығатындайы да бар. Өйткені, ғимарат жарты ғасыр бұрын тұрғызылған. Халықтың жағдайы мәз емес. Шатырдан күнде су сорғалап, электр сымдары шашырап, жертөлені лай басқан. Тіпті бірер күн бұрын нысанның қасбеті құлап, тұрғындардың зәресін ұшырған.

«Өткен жолы бесінші қабаттан кірпіш құлап түсті. Абырой болғанда, ол жерде ешкім жүрмеді. Балалардың басына түскенде не болар еді? Әкімдікке де, басқа мекемелерге де талай мәрте хат жаздық. Кеше төтенше жағдай қызметі мен жер комитетінің өкілдері келіп кетті. Енді біз не істеуіміз керек?» – деді қала тұрғыны Надежда БУСЫГА.

Бастапқыда бұл жатақхананы 225 отбасы паналаған. Қауіп сейілмеген соң 75 шаңырақ жылы орнын суытып, көшіп кетуге мәжбүр болған. Ғимарат осыдан үш жыл бұрын апатты деп танылғанына қарамастан, ешқандай шара іске асырылмай келеді.

«Ертеңгі күнімізге сенуден қалдық, үмітіміз үзілді. Түнде әрең көз ілеміз, таңертең уайымдап оянамыз. Өйткені, бәрі кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін. Терезелеріміз шытынап, қабырғалар үгітіле бастады. Бір күні осының барлығы опырылып түсе ме деп қорқамыз», – деді қала тұрғыны Ольга МИХАЛЕНКО.

Ал қалалық Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің өкілдері жұрт енді ғимараттың қайта жөндеу жұмыстарына жіберілгенін күтуі керек екенін айтты.  Сондай-ақ баспана кезегіне тұрып қамдануы қажет. Бірақ нысанның қай кезде жаңартылатыны белгісіз.

«Реновациялық немесе инвесторлар тарту арқылы жөндейміз. Әрі қарай қалай болатыны белгісіз болып отыр. Әзірге адамдар тұра береді», – деді Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Асима ОМАРОВА.

Айта кету керек, Ақтөбеде 39 апатты үй бар. Мұндай ғимараттар күн өткен сайын тозып, қирауға сәл қалған. Ал жауапты өкілдер мәселені қолға алып, тұрғындардың үрейін қашан сейілтері белгісіз.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!