«Знак», камера – штраф. Тараз халқы да «тұзаққа» түсіп жатыр

Қайтейік енді

24.02.2026,

  в 15:00

200

Таразда заңсыз орнатылған жол белгісі үшін жүргізушілерге 345 миллион теңге айыппұл салынған

Таразда полиция департаменті жүргізушілерге тура мағынасында «тұзақ» құрған. Яғни заңсыз жылдамдықты шектеу белгісін қойып, 32 мың адамға әкімшілік хаттама толтырыпты. Бұл бір ғана бейнекамераға қатысты жайт. Сорақы жағдай прокуратураның тексерісінен соң анықталды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Бір қызығы, көптің қалтасын қаққан белгі сот шешімі шықса да, әлі күнге дейін жылдамдықты сағатына 40-тан асырған жүргізушілерге айыппұл келуде.

Ыбырайым Сүлейменов көшесіндегі бұл бейнекамера былтыр қойылған. Содан бері жергілікті жұрттың сорына айналды. Жылдамдығын сағатына 40-тан асырған 32 мыңнан аса жүргізуші айыппұл арқалаған. Келіспеген азаматтардың бірі прокуратураға арыз түсіріпті. Анықталғандай, қойылған белгі заңға томпақ. Зерделей келе, тағы екі адам сотпен заңсыздықты анықтапты. Бірақ не полиция департаменті, не жергілікті билік алып тастауға асығар емес.

– Иә мынау Сүлейменова көшесіндегі 40 деген знакка түстік талай рет. Менің өзім 2-3 рет түстім. Оны ертерек төлеп тастадық. Қазір әлеуметтік желіде заңсыз қойылған деген сыбыстар шығып жатыр. Соған қарап таң қаламын. Қалай олар бір-бірімен ақылдаспай қойған ба ол знакты. Енді ол ақшамызды қайтарсын, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Марат ТАУБАЕВ.

– Оған бірнеше рет түстім. Таныстарым да түсіп жатыр. Бір тугиста көрсетеді 40 деп, навигатордан көрсетпейді 40 деген знакты. Кейде өтіп кетесің байқамайсың. 45-50-ге тақап. 2 рет келді штраф. Біздің ақшамызды қайтаратын шығар деген ойдамыз, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Азамат АСҚАР.

Бір ғана камера бір жылда 345 миллион теңгені бюджетке түсірген. Прокуратура белгінің заң талаптарын бұза отырып салынғанына көз жеткізген. Ендігі жерде тақыр жерде әкімшілік жаза арқалағандардың ақшасын қайтару оңай болмайтын түрі бар. Өйткені, 50 пайыз жеңілдікпен жазасын төлегендерге қаражаттың кері қайтуы екіталай дейді заңгерлер.

– ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 811-бабы 2-ші бөлігіне сәйкес, қысқартылған тәртіппен қаралған іс бойынша айыппұл төленген болса, 7 тәулік ішінде, онда бұл адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған болып есептеледі және қайта қарауға жатпайды. Сондықтан сотқа жүгінуге тура келеді. Ақшаны қайтару қиынға соғады, – дейді заңгер Айдос ИБРАЙЫМОВ.

Құзырлы органдардың тексеріс нәтижесінде шектеу қажетті келісімдерсіз және жол жағдайына талдау жасалмай енгізілгені белгілі болды. Бір қызығы, тек үш адам ғана сотқа жүгініп, ақшасын қайтарған. Қалған 32 мың жүргізушіге шыққан қаулы сол күйі қала ма, ол жағы ашық күйінде қалып отыр. Прокуратура оқиғаның жай-жапсарын анықтап, нақты жауап береміз деп сендірді.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!