Түрмеде отырып рэкетирлер бандасын басқарған

Қайтейік енді

02.03.2026,

  в 15:00

244

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық топ 10-15 адамға дейін жеткен

Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, боспалау, қару мен есірткі заттарын заңсыз сақтау қылмыстары үшін айыпталған жеті адам сотталды. Қылмыстық топтың басшысы өзі ауыр қылмыстары үшін түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқанына қарамастан сыбайластарын  қашықтықтан басқарған екен.

Іс материалдарына сәйкес, 1990 жылы туған Айт-Мухаммед ДОҒАЛБАЕВ ұйымдасқан қылмысқа қатысқаны үшін 2021 жылдан бері Алматы облысындағы Заречное ауылындағы №12 түзету мекемесінде жеті жылдық жазасын өтеп жатқан. Ол жерде де жай жүрмей, жаңа қылмыстық топ құрып, оны бірнеше жыл бойы басқарған.

До­ғалбаевтың «оң қолы» бостандықта жүрген 30 жастағы Алпамыс ТАЖИДАВЛЕТОВ болған, ол да бұған дейін бопсалау және қарақшылық үшін екі рет сотталған. Бүған дейін Тажидавлетов жазасын дәл сол №12 мекемеде өтеген, сол жерде Айт-Мұхаммедпен танысқан. Тажидавлетов рецидивист деп танылғанына қарамастан, 2022 жылдың маусымында оның жаза мерзімінің қалған бөлігі бас бостандығын шектеуге ауыстырылып, ол бостандыққа шыққан.

Рэкетирлердің тағы екі белсенді мүшесі – 1997 жылы туған Талғат АБИЛХАНОВ және 1999 жылы туған Асылан НУРЛАНБЕКОВ – бұрын сотталмаған. Бопсалау әрекеттеріне бір реттен 1984 жылы туған жұмыссыз Мұрат ТОГЫЗБАЕВ пен 1990 жылы туған Абзал МЕНИЛБАЕВ тартылған.

Топтың өз «кассирі» болған – Жандос И. Оның міндеті тек бопсалау жолымен алынған ақшаны өзінің банк шотына қабылдап, кейін До­ғалбаев көрсеткен әртүрлі шоттарға аудару болған.

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық топ 10-15 адамға дейін жеткен. Алайда бопсалауға қатысы болуы мүмкін өзге тұлғалар әзірге анықталған жоқ, олар бойынша тергеу-іздестіру шаралары жалғасуда.

Рэкетилер кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды боспалаған. Олардан 500 000 теңгеден 2 миллион теңгеге дейін ақша, автокөлік немесе бағалы мүлік талап етілген. Бопсалаушылар жәбірленушілерді түрлі сылтаумен адам аз жүретін жерлерге алдап апарған немесе қала сыртына шығарған. Сол жерде ұрып-соққан, пышақпен және атыс қаруымен қорқытқан, электрошокер қолданған. Тергеу мәліметінше, 2021-2024 жылдар аралығында қылмыстық топ 9 эпизод жасаған.

Бірінші рет такси жүргізушісін бопсалаған. Одан «жолаушы тасымалдау құқығы» үшін бар болғаны 30 000 теңге талап етілген. Алайда таксистің басқа жүргізушілерге жалға беретін жеке автопаркі бар екенін біліп алған соң, талаптары 2 миллион теңгеге дейін өскен.

Көп жағдайда телефон арқылы қоқан-лоққы естіген жәбірленушілер бопсалаушылардан жасырына бастаған. Мұндай жағдайда «жігіттер» олардың туыстарын аңдып тауып, аяусыз жазалап, сонымен қатар миллиондаған теңгеге несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.

Топ мүшелері мен ұйымдастырушылары 2024 жылдың ақпанында ҰҚК мен полицияның «Арлан» арнайы бөлімшесінің бірлескен арнайы операциясы нәтижесінде ұсталған. Олардың қолынан қару-жарақ арсеналы – кесілген аңшылық мылтықтар, травматикалық және газ тапаншалары, оқ-дәрілер, сондай-ақ ірі көлемдегі есірткі заттары (гашиш) табылып, тәркіленген.

Тергеу барысында До­ғалбаевтың бостандықтағы бандасымен ұялы телефон арқылы байланысқаны анықталған. Айта кету керек, ҚР Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мекемелерінде жазасын өтеушілердің мобильді телефон пайдалануына тыйым салынған.

Айыпталушылар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқанын мойындамады. Алайда бопсалау фактілерін ішінара мойындады. Олардың айтуынша, олар «арам жолмен» ақша тапқан адамдардан ақшаны қайтаруды талап еткен. Соның ішінде қызметкерлерін алдап, жалақы төлемеген жұмыс берушілерден, борышкерлерін қарыз қақпанына түсірген заңсыз өсімқорлардан, сауда ережелері мен адал бәсекелестік қағидаларын бұзған саудагерлерден, сондай-ақ жеңгетайлық пен жезөкшелікке қатысы бар тұлғалардан талап еткендерін айтқан.

До­ғалбаевтың айтуынша, жәбірленушілердің бірі – туған ауылындағы дүкен иесі – балалар мен жасөспірімдерге тыйым салынған темекі бұйымдарын, яғни вейптер мен электронды темекілерді сатқан. Бұған ашуланған ол кәсіпкерден жас ұрпаққа келтірілген зиянды өтеуді талап еткен, Айт-Мұхаммед бұл шығынды 1 миллион теңгеге бағалаған.

Бір қызығы, бірде рэкетирлердің қысымына өз тобының бір мүшесі түскен. Ол До­ғалбаевтың немере қарындасымен көңіл жарастырып, алайда қарым-қатынас барысында оны ұрып-соққан. Қарындасы ағасына – До­ғалбаевқа шағымданған. Ол достарына әдепсіз жігітті жазалауды бұйырған. Бірақ жігіт бір сұмдықты сезіп, бұрынғы серіктерінен қашып кеткен. Сонда бандиттер оның ағасын ұстап алып, «інісін дұрыс тәрбиелемегені үшін» аяусыз соққыға жығып, 2 миллион теңге «моральдық өтемақы» төлеуге мәжбүрлеген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты жеті айыпталушының барлығын кінәлі деп таныды. До­ғалбаев пен Тажидавлетовтің әрекеттері қылмыстың қайталануы ретінде сараланды. Олар тиісінше 10,5 және 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаны ең жоғары қауіпсіздік мекемелерінде өтейтін болды. Қалған сыбайластары 5 жылдан 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеу мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын болды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ, қазіргі уақытта іс Алматы сотының апелляциялық сатысында қаралуда.

Фото: informburo.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!