Принципшіл полицейлер капуста сатқан әжені штрафпен шырылдатты

Қайтейік енді

03.03.2026,

  в 13:30

239

Бірақ зейнеткерге айыппұл салған полицейлердің әрекеті тексеріледі

Әділдік сұрап жылаған зейнеткер жұрттың жүрегін елжіретті. Smartnews.kz басылымының хабарлауынша, Алматыда зейнеткер әйелге қатысты полиция қызметкерлерінің әрекеті қоғамда қызу пікірталас тудырды.

Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін бұл жағдайға құқық қорғау органдары ресми түсініктеме берді. Желіде жарияланған видеода зейнеткердің әкімшілік құқық бұзушылық үшін ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілгені айтылған. Видео авторының мәліметінше, әйел көшеде небәрі бір жарым келі ашытылған қырыққабат сатып отырғаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Зейнеткердің сөзінше, ол саудаға қаржылық қиындыққа байланысты шыққан. Айтуынша, алған зейнетақысы небәрі 75 мың теңге, ал тапқан ақшасы күнкөріс пен үй жануарларын асырауға қажет болған. Видео сипаттамасында учаскелік полиция инспекторы әйелді бөлімшеге апарып, «қайталанған құқық бұзушылық» негізінде 21 мың теңге көлемінде айыппұл салғаны көрсетілген.

Сонымен қатар сол маңда дәл сондай сауда жасап отырған өзге адамдарға ешқандай шара қолданылмағаны айтылған.

Бұдан бөлек, бейнежазбада полиция қызметкерінің қызметтік көліктің рөлінде отырып телефонмен сөйлескені, қауіпсіздік белдігін тақпағаны және зейнеткерге дөрекі сөздер айтқаны көрінеді.

Желіде тараған сыннан кейін бұл іске қатысты Алматы қалалық полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.

«Аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізіледі. Тексеру нәтижесіне сәйкес тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады ведомство.

Фото: бейнежазбадан.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!