Ақша табам деп Alphard алғандар тығырыққа тірелді

Қайтейік енді

12.03.2026,

  в 16:30

251

70 мыңға жуық көлік иесіне танымал қосымшаларда қызмет көрсетуге шектеу қойылған екен

Қызылордада оң жақ рөлді көлік иелері шу шығарды. Жүргізушілер Яндекс, Индрайвер арқылы жолаушы тасымалдай алмай тығырыққа тірелген. Өйткені, 70 мыңға жуық көлік иесіне танымал қосымшаларда қызмет көрсетуге шектеу қойылған, деп хабарлайды Информбюро 31.

Қара тізімге іліккендер бұл шешіммен әрине, келіспейді. Ал көлік пен ішкі істер министрліктері оң жақ рөлді автомобильдерді такси қызметтерінен кезең-кезеңімен алуды жоспарлап отыр. Тіпті заңмен тыйым салу да көзделген.

Индрайвер, Яндекс қосымшаларында қызмет көрсетуге шектеу қойылған көп жүргізушінің бірі – Талғат ҚАРАМЫРЗАЕВ. Қосымшаны қолдана алмай қалған азамат үшін қазір жолаушы табу оңай емес. Себебі, адамдар таксиге тек онлайн түрде тапсырыс береді. Сондықтан Toyota Alphard көлігімен отбасын асырап отырған Талғат қиын жағдайға тап болғанын жасырмайды.

– Кредитке алғандар бар, өз ақшасына алғандар да бар. Жалпы жұмыс істейміз деп алдық қой бұл машиналарды. Осылай екі ортада межгород қатынаймыз деп. Еріккеннен екі ортада жүрген жоқпыз. О баста үкімет кіргізді ғой Қазақстанға. Кіргізгеннен кейін әрі қарай пайдалануға беру керек қой, – дейді таксист Талғат Қарамырзаев.

Оң рөлді көліктерді такси қосымшаларынан шектеу талай жүргізушіні тығырыққа тіреген. Көлік иелері қазір екі қолға бір күрек табу оңай емес дейді. Сондықтан заңға өзгеріс енсе, күн көрісіміз қиындайды деп күйінеді.

– Бала-шағаны бағамыз деп алдық қой осы машинаны. 7 жыл болды айдап жүргеніме. Ешқандай ДТП, ештеңе болған жоқ. Адамның өзіне байланысты ол. Айдағанына байланысты, – дейді такси жүргізушісі Асылбек РЫСБЕК.

Қазірдің өзінде танымал такси қосымшаларында 70 мың автомобильдің жолаушы тасымалдауына шектеу қойылған. Бұған оң жақ рөлді машиналардың кесірінен болатын жол апаттардың күрт көбеюі себеп.

– Жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін арттыру мақсатында заңнамалық түзетулер дайындалды. Олар рөлі оң жақтағы көлік құралдарын такси ретінде пайдалануға тыйым салу, қалалар арасында тасымалдау кезінде жүргізушілердің еңбек ету және демалу режимін бақылайтын құралдарды міндеттеу, тасымалдаушылардың заңнама талаптарын орындауын бақылау бойынша интернет-агрегаторлардың міндеттерін белгілеу, – деген болатын ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман СКЛЯР.  

Такси қызметіне арналған телефон қосымшаларына да бақылау күшейтілмек. Одан бөлек, көлік иелері қызмет көрсету үшін жолаушыларды шақырып мазаласа да жауапкершілікке тартылады. Оларға 21 мың теңге көлемінде айыппұл көзделген.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!