Ақымақтарға арналған! Автолизингке халық жоламай қойды

Қайтейік енді

16.03.2026,

  в 13:00

263

Автолизинг арқылы алынатын көліктің құны екі есе артық шығатынын көргендер әлі шошып жүр

Елімізде жарнамасы жер жарған автолизинг көпшілік күткендей қолжетімді бола қоймады. Тиісінше, жаңа көлік сатып алу бағдарламасына сұраныс жоқ, деп хабарлайды Информбюро 31.

Сарапшылар автолизинг – іс жүзінде сол баяғы автонесие, тек меншік құқығы бірден берілмейді, деп отыр.

Бағдарламаны қалай оңтайландыру қажет? Мамандар не дейді?

Жеңілдетілген несиеге балама болатын бастама қарапайым халыққа тиімсіз. Бағдарлама іске қосылған үш айдың ішінде лизингке көлік алған жандардың саны саусақпен санарлық. Тұрғындар көліктің ақысы екі есе артық шығатынын көріп, кері қайтқандарын айтады.

Сарапшылар сөзінше, халықаралық тәжірибеде автокөлік өндірушілер өздерінің лизингтік компанияларын құрады. Ал Қазақстанда бұл іске банктердің араласуы бағаны одан әрі өсіріп жіберген. Яғни, лизингтің автонесиеден еш айырмашылығы жоқ болып шықты дейді.

– Автолизинг бағдарламасын алып қарасаң 45 пайызбен көлік алады екен. Сонда оның автонесиеден еш айырмашылығы жоқ. Клиент көліктің толық құнын, лизинг компаниясының үстемеақысын, сақтандыруды, салықты және жөндеу шығындарын өз қалтасынан төлейді. Бұл әрине тиімсіз. Бұл жобаны қайта қарау керек. Яғни, Еуропа елдерінің тәжірибесін қолданған жөн, – дейді автосарапшы Алексей АЛЕКСЕЕВ.

Мамандар лизингті арзандату үшін бюджеттен субсидия немесе салық жеңілдігі керек деп отыр. Себебі, компаниялар ақшаны банктен алады. Ал, қаржы ұйымдарының пайызы несиеден арзан болмайтыны анық.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі де бағдарламаның нәтиже бермегенін жасырмайды. Сондықтан жауапты ведомство өкілдері лизингтің жаңа шарттарын әзірлеуге кірісіпті. Баға саясаты да пысықталып жатыр екен.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!