БҚО ауруханасында бала қайтыс болды. Ата-ана дәрігерлерді кінәлайды

Қайтейік енді

17.03.2026,

  в 09:00

1188

Аудан тұрғындары медициналық қызметке наразы

Батыс Қазақстандағы Қазталов аудандық ауруханасында биыл 3 наурызда 12 жастағы Али АЛБЕКОВ қайтыс болды. Ата-анасының айтуынша, дәрігерлер операцияны созып, баланы облыс орталығына жеткізу үшін санавиация тікұшағын шақыруға әрекет жасамаған (ауыл Орал қаласынан 350 шақырым қашықтықта – А.Ш.).

Көз жұмған баланың әкесі Қанат ЫДЫРЫСОВТЫҢ айтуынша, ұлы Али 2022 жылдан бері асқазан жарасымен ауырып, есепте тұрған.

«Үш жыл бойы ұлымызды емдеттік. Аудандық ауруханадағы емге көңіліміз толмай, оны қаладағы “Талап” жеке клиникасына жіберіп тұрдық. 2 наурызда таңертең баланың жағдайы жақсы еді – ерте тұрып, шаштаразға барып шашын алдырды, сосын бірге шай іштік, ол мектепке кетті. Кешке мен жұмысқа шығар алдында баламды соңғы рет көрдім (Қанат ауылда жолаушы тасымалдайды – А.Ш.). Кейін әйелім хабарласып, Алидің асқазаны ауырып, олар ауруханаға кеткенін айтты. Мен оны капельницаға біраз жатқызып, үйге жібереді деп ойладым», – дейді Қанат Ыдырысов.

Баланың анасы Арайлым ХАМЗИНАНЫҢ айтуынша, ұлдары ауруханаға түнгі 00:30 шамасында түскен.

«Мен баламмен бірге ауруханада болдым. Түнгі үшке дейін одан анализ алып, рентгенге түсірді. Түнгі үште баламның іші қатты ісіп кетті. Мен қорқып, дәрігерлерге айттым. Дәрігерлер зонд қойды, бірақ ісік қайтпады. Таңғы алтыға дейін бізді хирургия бөліміне ауыстырды. Сол аралықта дәрігерлер бірнеше рет қайта-қайта рентгенге түсіріп, система қойды. Баламның жағдайы барған сайын нашарлай берді – су сұрады, аяқтарын сезбей қалды, демі жетпей қиналды, мұрнына түтік қойды. Мен жылап, дәрігерлерден санавиация шақыруды өтіндім, бірақ олар санавиация жолда келе жатыр деді. Таңғы жетіде Алиді операция бөлмесіне алып кетті. Шұғыл операция қажет екенін айтып, маған құжаттарға қол қойғызды. Содан кейін баламды көрмедім, мені оған жібермей қойды», – дейді Арайлым Хамзина.

Анасының айтуынша, таңғы сағат 11-ге қарай қала жақтан дәрігер келген.

«Мен Алидің анасы емес, жай пациент сияқты болып, әлгі дәрігерден сұрадым: қаладан келдіңіз бе, немен келдіңіз? Дәрігер көлікпен келгенін айтты. Сонда жергілікті дәрігерлер мені алдап, санавиация туралы өтірік айтқан боп тұр. Кейін үзік-үзік сөздерінен қан жетіспеуі, оттегі баллоны туралы айтқандарын естіп қалдым. Бірнеше рет “аппендицит” деген сөзді естідім. Менің балам туралы айтып жатыр ма, әлде басқа біреуді аппендицитпен әкелді ме деп ойладым. Осы уақыттың бәрінде дәрігерлер бәрі жақсы болады, операция сәтті өтіп жатыр деп айтты. Ал сағат 12-ге таяғанда маған баламның қайтыс болғанын хабарлады. Олар неге мені алдады? Шынын айтқанда, баламның аз уақыты қалғанын айтса, мен әкесін және әпкесін шақырып, қоштасуға мүмкіндік берер едім», – дейді Арайлым Ыдырысова.

Баланың әкесі Қанат Ыдырысовтың айтуынша, дәрігерлер де, полиция да нақты өлім себебін айтпаған.

«Алдын ала болжамдары бойынша – асқазан жарасының асқынуы, перитонит дейді. Мен бұған сенбеймін. Менде де сондай асқыну болған, маған операция жасап, аман қалдым. Дәрігерлер өз міндеттеріне салғырт қарап, операцияны негізсіз кешіктірді деп ойлаймын. Егер оның жағдайын түсініп, санавиация тікұшағын шақырғанда, баламды құтқаруға болар еді. Қазір қылмыстық іс аясында сот-медициналық сараптама жасалды, бірақ мен оған да сенбеймін. Тәуелсіз сараптама жасатып, адвокат жалдап, шындыққа жеткім келеді. Аурухананың бас дәрігері мен хирургі қызметінен кетуі тиіс», – дейді Қанат Ыдырысов.

Қазталов аудандық ауруханасының бас дәрігері Руслан АХМЕДЖАНОВ жағдайға түсініктеме берді.

«Бала ауыр жағдайда жеткізілді. Кезекші дәрігер оны қабылдап, анализдер алды. Сонымен қатар біз Оралдағы әріптестермен байланыста болып, жағдайды хабарлап, операцияны өзіміз жасауға рұқсат алдық. Біз оны Оралға жібермедік, себебі ол тасымалдауға жарамсыз еді, жолда жағдайы одан әрі нашарлауы мүмкін болатын. Дәрігерлер өздері операция жасағанымен, бәрібір санавиация шақырылды. Дәрігерлер таңертең келді. Санавиация дегенде міндетті түрде тікұшақ деген сөз емес, түнгі уақытта тікұшақтар ұшпайды. Дәрігерлер кәдімгі көлікпен келді, “санавиация” деген – ұйымның атауы.

Түнде дәрігерлер баланы құтқару үшін барын салды – система қойды, спазмолитиктер берілді. Операция таңғы 7:30-да басталды. Хирург операцияны аяқтап, тігіс сала бастағанда баланың жүрегі тоқтап қалды. Реанимациялық шаралар жүргізілді. Біз ата-ананың жағдайын түсінеміз, алайда біздің дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Қазір қылмыстық іс қозғалып, сараптама жүргізіліп жатыр», – деді Руслан Ахмеджанов.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл алаңдататын жағдай, өйткені бұған дейін де аудандық ауруханада өлім жағдайлары болған.

«Адамдар біздің ауруханаға барудан қорқады, медициналық қызметке көңілі толмайды. Бірақ мемлекеттік органдарға шағымдануға да қорқады. Халық қорқып қалған. Мысалы, Али Әлбекұлының анасы баласының қайтыс болған күні-ақ үш сағат бойы РОВД-ның тергеуінде болады – полицейлер үйіне келіп, жағдайға қарамастан баланың өлімі туралы сұрақтарды төпелеткен. Мен бұл мәселені қоғамдық кеңесте көтеруге тырыстым. Бірақ кеңестің басқа мүшелері қолдай қоймады – қорқа ма, әлде баланың өлімі оларға бәрібір ме, түсініксіз. Былтыр ауруханада бір әйел қайтыс болып, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан тексеру келген, бірақ аурухана басшылығына дым болмады. Тексерістің қаншалықты мұқият жүргізілгенін де білмейміз», – дейді қоғамдық кеңес мүшесі, белсенді Руслан СҰЛТАНОВ.

Оның айтуынша, тұрғындар аудандық ауруханадағы жағдайға өзара шағымданғанымен, оны ашық айтуға батпайды, бәрі жұмысынан айырылып қалам ба деп қорқады.

«Қазіргі бас дәрігер жаңа кадрларды, жас мамандарды жұмысқа алмайды. Бар ұжыммен де дұрыс жұмыс істемейді. Бірде осы аурухананың дәрігері мас күйінде жол апатын жасаған. Оны медициналық тексеруге апару керек еді, бірақ ол қашып кетіп, екі күн бойы тығылып жүрген. Өйткені екі күннің ішінде ағзадан алкоголь шығып кетеді. Осылайша жазадан құтылып кетті. Аурухана басшылығы неге мұндайға жол береді? Біз бас дәрігердің әлеуметтік желіде парақша ашып, халықты ақпараттандыруын талап еттік, оған да әрең дегенде қол жеткіздік. Бұрынғы бас дәрігер аурухана өміріне көбірек араласатын, ал қазіргі бас дәрігер өз кабинетінің жөндеу мен демалатын бөлмесін жабдықтауға көбірек көңіл бөледі», – дейді Руслан Сұлтанов.

Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы бар болғаны Қазталов аудандық ауруханасында баланың қайтыс болуына байланысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қосымша ақпарат тексеру аяқталған соң беріледі.

Қазталовка ауылында тұратын Қанат Ыдырысовтың отбасы 12 жастағы ұлы Али Албековтың өліміне қатысты қылмыстық іс әділ тергелуі үшін адвокат қызметіне қаражат қажет екенін айтып, елден көмек сұрайды.

Фото: © Hronika.kz / Ақмарал Шаяхметова.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!