Атырауда ер адам туған балаларын зорлады деп күдіктелуде

Қайтейік енді

31.03.2026,

  в 15:00

225

Балалардың анасы күйеуінің тиісті жазасын алып, сот алдында жауап бергенін қалайды

Атырау қаласының тұрғыны үш жылдан бері әділдік таппай жүр. Ол күйеуін өзінің туған балаларын зорлады деп айыптап отыр, деп хабарлайды Жетінші арна.

Полиция департаментіне арызданған жәбірленушінің сөзінше, іс созбалаңға салынып, тіпті қайта-қайта тоқтатылған.

– Мінездері өзгерді, жылап жүрді, дикциялары өзгерді. Ұлым сөйлемді созып сөйлейтін болды. Қызым тұтығуды бастады, – дейді егіздердің анасы.

Өзінің және балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ана аты-жөні мен бет-әлпетін көрсетпеуді сұрады. Жәбірленуші жан түршігерлік жайт туралы үш жыл бұрын білген. Сол уақытта бүлдіршіндер тұйықталып, тіпті түнде шошынатын болған. Кейін әкесінен қорқатынын байқаған. Егіздердің анасына балабақшадағы тәрбиеші де хабарласып, балалардың мінез-құлқы бұзылғанын ескертіпті.

Осыдан кейін барып анасы психологтармен сөйлесіп, осындай сұмдықтың бетін ашқан.

Қала тұрғыны 2023 жылдың 20 қарашасында күйеуі өзінің егіз баласын зорлады деп полицияға арызданған. Алайда дәлелдер болса да, осы уақытқа дейін күдікті қамауға алынбады дейді ол. Қылмыстық істің үш жылдан бері созбалаңға салынып келе жатқанын айтады.

Жүргізілген тергеу кезінде де балалардың зорланғанын мамандар анықтаған.

– Бұл зорлау деп анық айтты, ешқандай геморрой емес, долихосигма емес деді. Тап сондай утвержающий заключение берді, – дейді балалардың анасы.

«Осындай дәлелдер бола тұра күдікті бостандықта жүр», дейді егіздердің анасы.

Ал полиция өкілдері тергеу амалдарының әлі де жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

– Аталған дерекке қатысты қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 121 бабы 4 бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тиісті кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысы бақылауға алынған. Түпкілікті процессуалдық шешім тергеу аяқталған соң қабылданатын болады, – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТ.

Екі жарым жылдан бері істің сотқа жолданбауына «күдіктінің туыстары себеп болып отыр», дейді жәбірленуші. Оның сөзінше, күйеуінің әпкесі сот жүйесінде қызмет етеді.

– Туған әкесінің кіші қарындасы судья болып жұмыс істейді. Сол кісі осы істі сотқа жібермеудің барлық амалдарын жасап жатыр. Сондықтан бұл істі ҚР ІІМ-нің тергеу департаментіне тапсырсын, ана айуанды қамауға алсын, істі сотқа жіберсін. Болды, басқа сұрайтыным жоқ, – деп талап қойып отыр балалардың анасы.

Балалардың анасы күйеуінің тиісті жазасын алып, сот алдында жауап бергенін қалайды. Ал полицияның хабарлауынша, тергеу әлі жалғасып жатыр. Сондықтан әліптің артын бағып, күтуден басқа амал жоқ.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!