Shoqan School мектебінің оқушылары әлемді құтқаруға кірісіп кетті

Ду шапалаq

28.04.2026,

  в 18:00

304

Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепте Shoqan Ecology халықаралық ғылыми форум өтті

Бұл мектептің оқушылары қаланың ғана емес, бүкіл планетаның экологиялық мәселелеріне шешім ұсынып отыр. Өткен демалыс күндері Алматыда өткен Shoqan Ecology халықаралық ғылыми форумында 3-12 сынып оқушылары 190-нан астам жобасын таныстырды.

Мәселен, Shoqan School-дың 9-сынып оқушылары Эрик ЖАВОРОНКОВ пен Алан ТУРАРБЕК қоқысты уақтылы шығару мәселесінің шешімін ұсынады. Бұл – Алматыдағы қоқыс жәшіктерін бақылаудың «ақылды» жүйесі. Бұл жүйе коммуналдық қызметтердің жұмысын оңтайландырып, экология мен қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтады.

Ал 10 сынып оқушылары Бекнұр САПИ мен Мейiрбек НҰРДӘУЛЕТ биореакторлық орындықтар ойлап тапқан! Оны былай таныстырды:

Ал 12-сынып оқушысы Жания ШАКИРОВА ірі қалалардағы қоқыс мәселесіне өзге қырынан қарады. Оның «Тағам қалдықтарын биоконверсиялау және топырақ құнарлылығын арттыру» жобасы пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде тағам қалдықтарын жинауға арналған контейнер орнатылып, кейін олар фермерлік шаруашылыққа жеткізіледі, сол жерде пайдалы ресурстарға айналады.

Ал Бурабайдан келген 9-сынып оқушысы Николай БЕЗВЕРБНЫЙ ұсынған скруббер-ауа тазарту жүйесі – кәдімгі инженерлік шешім. Бұл жоба ауаның ластануын азайтуға көмектесіп, түтін деңгейі жоғары қалаларда қолданылуы мүмкін.

4-сынып оқушысы Едіге КЕНЖЕХАН қоқыс азайтуға бағытталған өзінің төрт жылдық ғылыми ізденісінің нәтижесін былай таныстырды:

Экология деген тек ғылым мен технология ғана емес, ол – өмір салты да, дейді 9-сынып оқушысы Малика АСИЛЬБЕКОВА. Соны дәлелдеу үшін жас зерттеуші өзі өсірген саңырауқұлақтардан экологиялық былғары жасап шығарған.

Арманын жүзеге асыру үшін Малика дизайн курстарына қатысып, енді жобасын кеңейтіп, дәстүрлі былғары өнімдеріне тұрақты балама ұсына алады.

7 сыныпта оқитын Мұхамеджан КАСЫМЖАН мен Бақдәулет ТҰРҒАНБЕК жол бойында тұрып-ақ энергия өндіретін жел турбиналарын таныстырды:

Эколог Әсел ТАСМАҒАМБЕТОВА мен кәсіпкер Кеңес РАҚЫШЕВТЫҢ бастамасымен пайда болған Shoqan Ecology форумы төрт жылдың ішінде жас зерттеушілер үлкен ғалымдармен тең деңгейде бәсекеге түсетін алаңға айналды.

Жоба Shoqan School базасында іске қосылған 2023 жылдан бері сарапшылар алқасы 550-ден астам ғылыми жұмысты бағалады.

2026 жылы форум рекорд орнатты: 277-ден астам өтінім түсіп, соның 190-ы финалға өтті. Жобалар қатаң ғылыми критерийлер бойынша бағаланып, үздіктері гранттарға ие болады.

Жүлде қоры 10 миллион теңгені құрады, соңғы үш жылда қатысушылар өз идеяларын дамытуға 33 миллион теңге алды.

Балалардың идеялары расында назар аударуға лайық. Мәселен, 2025 жылы 10-сынып оқушысы Фатима ДЕМИРДІҢ «Көміртек ізін азайтуға арналған көміртек ормандары» жобасы «Shoqan Ecology-2025» байқауында жеңіске жетті. Сол жылы форум ұйымдастырушыларының қолдауымен жеңімпаздың идеясы жүзеге асырылып, Алматы мен Алматы облысында, соның ішінде Іле-Алатау ұлттық паркінде 10 мыңнан астам көшет отырғызылды.

«Біз жыл сайын оқушыларымыздың ғылыми әлеуетінің қалай дамып келе жатқанын зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Байқауға кәдімгі ғалымдардың зерттеулеріне бергісіз бірегей жобалар түседі. Ұйымдастырушы ретінде, эколог ретінде мен үшін жас таланттардың армандары батыл болғаны, шығармашылықпен айналысқаны және өз идеяларын жүзеге асыра алатын алаңның болғаны маңызды. Оқушылардың бойындағы энергиясы, білімге деген ұмтылыстары ең батыл ойларды жүзеге асырып, экологияның болашағын аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейде өзгерте алатын шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – дейді Әсел Тасмағамбетова.

Форумның ең жас қатысушылары да ерекше назарға лайық. Олар ғылымдағы алғашқы қадамдарын енді бастап жатса да, тұрақты болашақ тұрғысынан ойлайды. Қаскелеңдік үшінші сынып оқушысы Эмин сексеуілді сақтау және қалпына келтірудің заманауи тәсілдеріне арналған жобасын ұсынып, онысын керемет таныстырды.

Ал жетінші сынып оқушылары Таймурад ОМАРХАН мен Альтаир ЖАҚСЫЛЫҚ да тағам қалдықтарын кәдеге жарату мәселесіне назар аударған. Қазір олардың тәсілі зерттеушілік сипатта болса да, жақын болашақта олар адамзатқа тың шешім ұсынуы мүмкін.

Мұндай талантты әрі ізденімпаз балалар қайдан шығады деп сұрауыңыз мүмкін. Әрине, бұл ең алдымен педагогтердің үлкен еңбегі. Shoqan School-да планетаға қамқорлық жоғары сыныптан емес, алғашқы саналы қадамдар мен қарапайым, бірақ маңызды идеялардан басталатынын жақсы біледі.

Болашақты күтпей, оны өздері қалыптастырып жатқан жаңа буын бұл – бұлар өзгеше ойлайтын ұрпақ. Планетаның болашағы үшін жауапкершілікті бүгіннен бастап алуға дайын мектеп оқушыларының жаңа буыны.

Фото: Ильяс Қалымбаев, Анар Құмарбекова.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!