Қазақстанда дропперлік үшін қылмыстық жаза енгізілді

Ду шапалаq

29.04.2026,

  в 15:00

154

Оңай жолмен ақша табам деп темір торға түсіп қалмаңыз

Қазақстанның Қылмыстық кодексінде жаңа бап пайда болды. Енді алаяқтық схемалардағы делдалдар айыппұл немесе алданған адамдарға ақшаны қайтарумен құтылмайды, олар бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ендеше дроппер деген кім, олар қандай схемалармен жұмыс істейді және жеңіл ақша табамын деп дропперге айналудан сақтану жолдарын айтайық.

Дроппер деген кім?

Дропперлер – алаяқтар мен олардың құрбандары арасындағы делдалдар. Алданған адамдар аударған ақша дәл осы дропперлердің банктік карталарына түседі. Одан кейін дропперлер ол ақшаны басқа шоттарға – тізбектегі келесі делдалдарға аударады. Делдал неғұрлым көп болса, полицияға түпкі қылмыскерлерді табу соғұрлым қиын. Яғни, жәбірленуші полицияға жүгініп, ақша аударған картаның нөмірін хабарласа, алаяқтардың өзі емес, тек дроппер ғана табылуы мүмкін.

Дропперлер қайдан шығады?

Дроппердің екі түрі бар: өзінің алаяқтарға жұмыс істеп жүргенін біліп, заңды түрде табыс тауып жүрмін деп ойлайтындар бар. Ондай дропперлерді әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы тартады.

Оларға банктік картасын «жалға беруді» ұсынады және сол үшін сыйақы уәде етеді. Картаға ақша түсетінін, оны әрі қарай аудару керектігін, ал белгілі бір пайызын өздеріне қалдыруға болатынын айтады. Әрине, алаяқтар дропперді оның әрекеті толық заңды екеніне сендіреді.

Білмеген адам кінәсіз бе?

Жоқ. Біріншіден, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Екіншіден, жаңа бап енгізілгенге дейін де дропперлерге Азаматтық кодекстің 953-бабы («негізсіз баю») қолданылатын. Яғни, дропперлер өз шотынан ақшаны басқа біреуге жай ғана аударғанның өзінде, алаяқтар ұрлаған барлық қаражатты жәбірленушілерге қайтаруға міндетті болды. Басқаша айтқанда: ұрлықты алаяқтар жасайды, ал өтеуін делдалдар төлейді. Қазақстан соттарында мұндай шешімдер бұрыннан бар. Мысалы, үш дропперден алаяқтық құрбандарының пайдасына 20 миллион теңге өндірілген.

Жаңа бапта дропперлерге қандай жаза қарастырылған?

ҚР ҚК-нің 232-1-бабында алаяқтарға көмектесетіндер үшін нақты бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Өзінің банктік шотына үшінші тұлғаларға заңсыз қол жеткізуге мүмкіндік бергендерге үш жылға дейін түрме жазасы қарастырылған. Ал бөгде адамдардың өтінішімен ақша аударымдарын немесе төлемдерді жүзеге асыратындар бес жылға дейін сотталуы мүмкін. Әртүрлі адамдардың карталарына ақша үшін қол жеткізіп, оларды алаяқтық схемаларда пайдаланатындар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Егер менен біреудің ақшасын басқа шотқа аударуды сұраса, не істеу керек?

Ешқашан келіспеңіз. Мұндай өтініштер таныстарыңыздан келсе де немесе «көмек» үшін сыйақы ұсынылса да. Ешқандай ақша мен таныстық темір торға түсіп қалуға тұрмайды.

Айта кетейік, «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында дропперлер қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін бейнеролик шықты.

Сонымен қатар, Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен алаяқтықтың ең кең таралған схемалары туралы тұтас бейнероликтер сериясын түсірді. Ол адамдарға алданбау жолдарын түсіндіруге бағытталған. Роликтерді Kaspi.kz-тің ресми YouTube арнасынан көруге болады.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!