Қайтейік енді
23.05.2026,
в 17:00
249
Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебі жарияланды. Одан елдегі экономикалық ахуалға қатысты біраз қорытынды шығаруға болады.
Ел экономикасы өткен жылы 6,5%-ға өскен екен (2025 жылы өсім 5% болған). Мұнай өндірісінің артуы мен ішкі сұраныстың жоғары болуы себеп бұған.
Палата мамандарының пікірінше, Қазақстан экономикасы сервистік модельге ауысып келеді. Бұл дегеніміз – халықтың көбі қазір экономиканың нақты секторында емес, қызмет көрсету мен сауда саласында жүр.
«Тауар өндірісінің үлесі 36,6%-ды құраса, қызмет көрсету секторы алға шығып, 57,6%-ға жетті. Өнімге салынатын салықтардың үлесі 5,8% болды. Қазақстанда жалпы тауар өндірісі азайып, қызмет көрсету секторы тұрақты өсіп келеді. Бұл экономиканың сервистік модельге қарай ойысып келе жатқанын көрсетеді», – делінген Жоғары аудиторлық палата есебінде.
Аудиторлардың есебінше, өткен жылы инфляция деңгейі 12,3%-ды құраған (2024 жылы – 8,6%). Мемлекеттің мақсаты инфляцияны 5,5-7,5% дәлізінде ұстап тұру болған. Инфляцияға коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі, ішкі шығындар мен логистикаға байланысты негізгі азық-түлік бағасының қымбаттауы, сондай-ақ теңге бағамының құбылуына байланысты импорттық тауарлар бағасының өсуі себеп болды.
«2025 жылы азық-түлік тауарларының бағасы 13,5%-ға, ақылы қызметтер 12%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,1%-ға қымбаттады. Сиыр етінің бағасы 32,1%-ға, қой еті 28,8%-ға, шұжық өнімдері 19,3%-ға, алма 18,4%-ға, күнбағыс майы 17,5%-ға өсті. Сонымен қатар “Ет және ет өнімдері” санаты жалпы алғанда бір жыл ішінде 22,6%-ға қымбаттап, баға өсіміне ең үлкен үлес қосты. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар бағасы 38,2%-ға, киім мен аяқ киім 10,8%-ға өсті.
Баллондағы сұйытылған газ 23,2%-ға, АИ-92 бензині 16%-ға, АИ-95/96 бензині 14,1%-ға қымбаттады. Тұрғын үйді жалға алу құны 14,8%-ға, денсаулық сақтау қызметтері 14,5%-ға, қоғамдық тамақтану қызметтері 14%-ға өсті. ТКШ қызметтері бір жыл ішінде 6,4%-ға қымбаттады», – делінген құжатта.
Сонымен қатар жыл соңына қарай қызмет көрсету секторындағы инфляцияның баяулауы мен тарифтердің төмендеуі есебінен баға өсімі де бәсеңдей бастаған. Өңірлер арасында инфляция деңгейі бойынша айтарлықтай алшақтық байқалмайды – елдің барлық аймағында баға шамамен бірдей қарқынмен өсіп жатыр.
Қымбатшылық бойынша ЕАЭО елдерінің ішінде Қазақстан көш басында келеді. Көрші Ресейде, мысалы, 2025 жылы бағалар небәрі 5,6%-ға ғана өскен.
Фото: depositphotos.com.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
20.05.2026,
09:00
21.05.2026,
12:00
19.05.2026,
09:00
Реклама
Реклама