Қазақ хандығы орысша сөйлемеген

Не дейді-ей

10.08.2025,

  в 17:50

379

Сол қазақ хандығы тұсында халық қай тілде сөйледі

Қазақ хандығы тұсында жазба және ауызекі тілде айырмашылық болды. Бір анығы – хандық дәуір әдебиетінде қазақ тілі үстемдік құрды, ұлт қазақ тілінде сөйлесті. Бұл туралы Kazinform тілшісіне филолог мамандар айтып беріпті.

Бұл тақырыпта академик Рабиға СЫЗДЫҚОВА “Қазақ хандығы құрылған кезде қазақ тілі дайын болды” атты мақала жазды, түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат САБЫР Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, “Алтын орданың тілі – көне қыпшақ тілі” екенін айтқан.

Оның айтуынша, қазақ тілінің ең көне тілдік деректері Орхон-Енисей жазба мұраларында сақталған.

Қыпшақ тілдерін, оның ішінде қазақ тілінің тағдырын сөз еткенде орта ғасырларда, дәлірек айтсақ, Алтын орда дәуірінде, ХІV ғасырда дүниеге келген жазба ескерткіштер тіліне жүгінеміз.

— Атап айтсақ, олар Құтыптың “Хұсрау мен Шырын”, Сеиф Сарайидің “Гүлистан би-түрки”, Хорезмидің “Мұхаббат – наме”, Махмуд бин-Алидің “Нахдж әл-Фарадис” атты шығармалары. Жалпы, ғылымда қалыптасқан көзқарас бойынша, ХІІІ-ХІV ғасырларда Алтын орда мен Мысыр жерінде пайда болған ескерткіштер екі түрлі аралас тілдің бірінде: не қыпшақ-оғыз аралас тілінде, не оғыз-қыпшақ аралас тілінде жазылған (Наджип, Щербак, Баскаков). Дегенмен, қыпшақ-оғыз элементтері аралас келгенмен бір-бірінен алшақ кетпей, бір әдеби дәстүрге бағынған. А.Зайончковскийдің “В ХІІІ-ХV веках сложился единый тюркский литературный или письменный язык” деген пікіріне сүйене отырып, аталмыш жазба ескерткіштер ортақ, бірегей түркі тілінде жазылған деп айтуға әбден болады. ХІ ғасырдан бастап ХV ғасырларға дейін туыс тілдердің бәріне ортақ, әртүрлі ру, тайпалардың бәріне түсінікті орта түркі тілі болғаны анық, — дейді түркітанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр.

Фото: Мұрат Сабырдың жеке архивінен.

Ғалым әрі қарай Ә.Құрышжанов пен Ә.Ибатовтың тұжырымдамасын мысалға келтіреді.

— Орта түркі әдеби тілі өз заманында тек қана Орта Азия емес, қазіргі Қазақстан жерінің барлық түкпірі мен солтүстік аймақтағы түркі халықтарын түгел, Еуропа жеріндегі “Дешті қыпшақ” пен Қырым халықтары, тіпті сонау жер ортасы – Мысыр мен Шамды жайлаған мәмлүк қыпшақтарына тән жазба ескерткіштердің бәрін қамтитын, солардың бәріне ортақ әдеби тіл болған, — деп жазылған онда.

— Осы ортақ түркі тілінің сол орта ғасырлардың өзінде-ақ екі үлкен тармағы, қыпшақ және оғыз варианты өзіндік белгілерімен даралана бастаған еді. Тіл тарихы халық тарихымен тығыз сабақтас, экстралингвистикалық жағдайларға тәуелді. Орта түркі әдеби тілінің қыпшақ варианты басқаларға қарағанда ХІІІ-ХІV ғасырларда тарих сахнасында мойны озық болды, өйткені Дешті қыпшақта, Алтын ордада және Мысырда қыпшақтар гегемондық рөл атқарды. Сондықтан біртұтас орта түркі тілі, нақтырақ айтсақ, көне қыпшақ тілі еді. ХІІІ-ХІV ғасырларда Еуразия кеңістігінде, Жібек жолының бойында халықаралық тілге айналған да осы көне қыпшақ тілі болатын. Алтын орданың ресми тілі де көне қыпшақ тілі болатын. Жазба мұрағаттар көне қыпшақ тілінде жазылған. Қазақ тілі біртұтас, монолитті тіл, бірақ бұл тұтастықтың бастауы көне түркі заманынан басталып, орта ғасырларда шыңдалып, ұлттық деңгейде даралана бастайды. Сол дәуірлерден бәз-баяғы қалпында, дыбыстық және мағыналық тұлғасы өзгермей қазақ тіліне жеткен сөздер байырғы сөздік қорды құрайды, — деген сұхбатта Мұрат Сабыр.

Ғалым жазба әдеби тіл Абай Құнанбайұлының кезінде қалыптасқанын айтады.

— XІІІ ғасырда орта түркі тілі болды. Содан ұлттық тілдер ыдырай бастады. Махмұд Қашқари көрсеткен 4 белгінің бәрі біздің қазақ тілінде сақталған. Сөз басындағы “ж”, сөз соңындағы “ғ”-ның түсіп қалуы, сөз ортасындағы “й”, сөз соңындағы “с” – бәрі Махмұд Қашқари көрсеткен қыпшақ тілінің ерекшеліктерінің бәрі қазақ тілінде сақталған. Біз сол көне қыпшақ тілінің жалғасымыз. Көне қыпшақ тілінен кейін көне қазақ тілі, байырғы қазақ тілі болды. Ал жазба әдеби тіл Абай Құнанбайұлының кезінде қалыптасты. Оған дейін ауызша әдеби тіл болды, — дейді профессор.

Ғалымның бұл сөзін қазақ әдебиеті кафедрасының докторанты Рита ЖҰМАҒАЛИЕВА да қостады.

Оның айтуынша, өткен дәуірлердегі әдеби тіл мәселесіне келген кезде ғалымдар академик Рабиға Сыздықтың еңбектеріне сүйенеді.

Ол – қазақ тіл білімінде қазақ әдеби тілінің тарихын зерттеген бірден-бір ғалым. Хандық дәуірден аудио, видео жеткен жоқ, қолдағы дерек – ханның жарлығы, көрші мемлекеттерге жіберген хаттары.

— Солардың бәрінің тілі – қазақтың ескі жазба тілі. Қазақ хандығы дәуірінде қаңғы, қыпшақ, арғын, найманның ортақ тілі – қазақ тілі. Сол дәуірде жазылған тағы бір үлкен туынды – Қадырғали Жалайырдың еңбегі. Ол да қазақтың ескі әдеби тілімен жазылған. Хандық дәуір десе жыраулар поэзиясы еске түседі. Хандық дәуірдің әдеби туындылары жыраулар поэзиясы түрінде жинақталған. Мұхтар Мағауин құрастырған “Бес ғасыр жырлайдының” бірінші томы осы жыраулар поэзиясына арналады. ХV ғасырдағы Асан Қайғының толғаулары, ХVІ ғасырдағы Шалкиіздің толғаулары, ХVІІ ғасырда Жиембет пен Марғасқаның толғаулары бар. Барлығын қарап отырсақ, таза қазақ тілінде жазылған, бәрі түсінікті. Кейбірінде көне сөздер ғана бар. Кірме сөздер, көнерген сөздер де кездеседі. Бұл табиғи заңдылық. Бір ғана жауап – хандық дәуір әдебиетінде қазақ тілі үстемдік құрды, ұлт қазақ тілінде сөйлесті, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының докторанты Рита Жұмағалиева.

Дереккөз: «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі.

Фото: Midjourney.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!