Түркістан облысында 17 жастағы қызды туысы сегіз ай бойы зорлаған

Қайтейік енді

24.08.2025,

  в 13:16

803

Ол аздай,қара жұмысшыларға жас қыздың тәнін саудалаған

Түркістан облысында 17 жастағы қызды сегіз ай бойы зорлап, тәнін саудалаған ер адам жәбірленушінің туысы болып шықты. Бұл жайлы зәбір көрген бойжеткеннің өзі айтты, деп хабарлайды Информбюро 31.

Сөзіне сенсек, 45 жастағы ауылдасы оны шешіндіріп видеоға түсіріп, кейін сол бейнежазбамен бопсалаған. Кейін ақша үшін 11 адаммен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген.

Енді жәбірленуші ар-намысын таптағандардың түгел жазаланып, бұл сұмдықты ұйымдастырған күдіктінің өмір бойына сотталғанын талап етеді.

Естіген адамның жағасын ұстататын оқиға Түркістан облысының Мақтарал ауданында өткен жылдың тамызында болған. Жеке басын жасырын қалдыруды сұраған 17 жастағы қыз сол күні Жетісайға бару үшін 45 жастағы алыс туысының көлігіне отырады. Сөзіне сенсек, жүргізуші бойжеткенге жақын танығаным үшін көлік айдауды 2 мың теңгеге үйретемін деп алдаған. Содан кешке уәдесін орындайды. Бірақ келесі күні шыққанда ол көзден таса жердегі егістікке апарып жыныстық қатынасқа мәжбүрледі дейді.

Мен машинадан шығып бара жатқан кезде ол кісі қолымнан ұстай алмай қалып, шашымнан тартып машинаның ішіне қайта кіргізді. Сосын төрт есігін де құлыптап, өзінің арам ойын іске асырды. Мені ұрып, неғып… Сол жерде ол кісі видеоға да түсіріп алды.

Жәбірленушінің айтуынша, ер адам содан кейін тіс жарсаң жер жастандырамын, жалаңаш видеоңды елге жайып абыройыңды айрандай төгемін деп қорқытыпты. Содан арам ойын келесі күндері де қайталап, 1 айдан соң бопсалау арқылы бейтаныс еркектерге жыныстық қызмет көрсетуге итермелеп, ақша табуға көшті дейді. Осылайша жас қызды қара жұмысшылардың құшағына итермелеген екен.

— Бір кісіге 3-4, тіпті 5-6 рет деген сияқты. Қанша қарызы бар, сол қарызын өтегенше… Мен оларға да жалындым. Жіберуін сұрадым. Олар «Мен сені сатып алғанмын, мен не айтсам соны істейсің» деп айтатын, — деді жәбірленуші.

Бойжеткен бұл сұмдықты айтудан қатты қорықтым дейді.

Мұны жақсы білген 45 жастағы танысы еш уайымсыз үйге келіп, алып кетіп жүрген. Бірақ 8 айдан соң қыз қарсылық көрсеткенде, әлгі ер адам жалаңаш видеосын ауылға таратып жіберіпті.

Оразай НҰРТАЙҰЛЫ, тілші:

— Адам шошырлық жайтты жәбірленушінің отбасы сонда ғана білген. Арызданған. Бірақ түптің түбінде полиция тек 1 адамды ғана ұстаған. Оның өзінде тек видео таратқаны үшін ғана жауапқа тартпақ. Түркістан облысы полициясының хабарлауынша, зорлау фактісі анықталмапты. Бірақ жәбірленуші бүгінде адвокаттар арқылы барлық 12 адамның жазалануына қол жеткізбек. Енді бас прокуратураға шағым жолдаймын дейді.

Фото: Информбюро 31.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!