14 солдат суға кеткен күні министрлік жеке құрамнан жаппай ақша жинапты

Қайтейік енді

01.10.2026,

  в 15:00

1242

Ақша қаза тапқан сарбаздар қызмет еткен әскери бөлімнің 24 жастағы психологының шотына жиналған

Каспийде 14 сарбаз суға батқан күні, елде жалпыұлттық аза тұту жарияланып жатқанда, әскерде ақша жинау жарияланған екен. Асығыс ақша жинауды Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған.

Қазақстанның қорғаныс министрінің міндетін атқарушы Алмаз ДЖУМАКЕЕВ қол қойған жеделхатта былай делінген:

«Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында қаза тапқан 29011 әскери бөлімнің әскери қызметшілерінің жақын туыстарына көмек көрсету мақсатында ақшалай ризык (еңбекақы) бір күндік мөлшерінде ақшалай қаражатты ерікті түрде мына деректемелерге аудару бойынша жеке құраммен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды сұраймын». (ары қарай Алибектің Т. есімді әскери қызметшінің жеке және банк деректері көрсетілген. Біз оны жарияламаймыз).

«Жеделхатты барлық жеке құрамға жеткізу, атқарылған жұмыс туралы Экономика және қаржы департаменті арқылы а.ж. 30 кыркүйегіне дейін баяндау», – делінген жеделхатта.

Жеделхатқа аудиохабарламалар да қоса тіркелген.

«Полковник мырза, офицерлер мырзалар, әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты бір ұсыныс бар, тіпті талап етіп жатыр деуге болады. Сағат 12-ге дейін есеп беру керек. Мүмкіндік болса, бір күндік ақшалай үлесті аудару ұсынылған. Яғни айлық ақшалай үлесті 30-ға бөліп, шыққан соманы осы есепшотқа жіберіп, түбіртектер арқылы есеп беру керек», – делінген хабарламалардың бірінде.

Редакция сол күні кешке Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі арқылы ведомствоның шынымен де осындай ақша жинауды жариялаған-жарияламағанын анықтауға тырысты. Сұрақ көп еді: бұл өзі қаншалықты заңды әрі этикалық тұрғыдан дұрыс па, неге ақша жеке біреудің есепшотына жиналады? Алайда баспасөз қызметі ресми сауал жолдауыңыз керек деді. Біз солай жасадық және жауап алдық. Президент ТОҚАЕВТЫҢ армиядағы жағдайға қатысты қатаң сыны әсер етті ме, әлде жаңа министрдің пәрмені ме, әйтеуір, біз сауалымызға жауап алдық.

«Иә, ондай жеделхат болғаны рас. Жеделхат Қорғаныс министрлігінің лауазымды тұлғалары тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында әзірленген. Өз кезегінде Қорғаныс министрінің орынбасары Джумакеев оған министрдің міндетін уақытша атқарушы ретінде қол қойды», (ол кезде ҚОСАНОВ әлі министр боп тұрса, Джумакеев қалайша министрдің міндетін атқарушы болған? – А.Ш.)», – деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар МҰСТАБЕКОВ редакцияның сауалына берген жауабында.

Ол сондай-ақ жеке және банк деректері жеделхатта көрсетілген әскери қызметші Алибек Т.-ның 29011 әскери бөлімінде (қаза тапқан сарбаздар осы бөлімде қызмет еткен) психолог лауазымында қызмет атқаратынын және оның банк деректемелері «ерікті аударымдарды жедел жинауды қамтамасыз ету үшін» көрсетілгенін мәлімдеді.

Жалпы сомасы қанша ақша жинау жоспарланған еді деген сұраққа мынадай жауап берілді:

«Қарулы күштердің жеке құрамы қаражатты ерікті түрде аударады. Бұл ретте бір күндік жалақыны аудару жөніндегі ұсыным «шартты, бағдарлық» сипатқа ие және көмектің міндетті мөлшері болып саналмайды. Әрбір әскери қызметші өзінің мүмкіндігін ескере отырып, соманы өз бетінше анықтап, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін ақша аударады. Осыған байланысты аталған есепшотта қанша қаражат жиналатынын анықтау мүмкін емес», – деп хабарлады Мұстабеков.

Егер ақша жинау ерікті түрде жүргізілсе, онда атқарылған жұмыс туралы есеп беру туралы тапсырма не үшін берілгені туралы сұраққа «есеп беру жеделхаттың Қарулы күштердің барлық жеке құрамына жеткізілуін бақылау, сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің жақын туыстарына толық көлемде берілетін қаражаттың түсуін қосымша бақылау үшін қажет» екені айтылды.

«Т.-ның есепшотына түскен және одан алынған қаражат банк үзіндісінде көрсетіледі және толық көлемде қаза тапқан әскери қызметшілердің жақын туыстарына беріледі. Аталған есепшоттағы қаражат қозғалысын 29011 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары, сондай-ақ жоғары тұрған қолбасшылық бақылайды. Жиналған қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің жақын туыстарына аудару немесе қолма-қол беру арқылы тапсырылады», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Жеке құрамнан ақша жинау заңды ма деген сұраққа мынадай жауап берілді:

«Қаражат жинау нормативтік-құқықтық актілерде көзделмеген. Ол тек ерікті түрде жүзеге асырылады».

Қазақстан Қарулы күштерінің саны шамамен 100 мың адам екенін және жеделхат нақты бір әскери бөлімге емес, елдегі барлық бөлімдерге жолданғанын ескерсек, жиналған қаражат қомақты болуы мүмкін. Иә, мерзімді әскери қызметтегі қатардағы жауынгердің ай сайынғы ақшалай жалақысы көп емес. Бірақ олардың әрқайсысы кемінде 1000 теңгеден аударса, 100 млн теңге жиналады.

Алибек Т.-ның есепшоты жеке тұлғаның атына ашылғандықтан, ол банк құпиясымен қорғалады. Сондықтан банктер бұл есепшотта қанша қаражат жиналғаны туралы ақпарат бермейді. Ал Қорғаныс министрлігі қанша ақша жиналғанын және оның қаншасы қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жеткенін хабарлай ма, жоқ па – бұл әзірге ашық сұрақ.

Қорғаныс министрлігі қазан айының соңына дейін редакцияға осы ақпаратты ұсынады деп үміттенеміз.

Жалпы, бір күндік жалақыны «ерікті-мәжбүрлі» түрде аударту «дәстүрі» Қазақстанда бұрыннан бар. Қазір біршама азайғанымен, әлі жойылған жоқ. «Таяқтың күшімен садақа жинату» тақырыбын отставкадағы полиция подполковнигі Сержан АРШАБЕКОВ бірнеше рет көтерген. Ол ішкі істер министрлігінде қызмет етіп жүрген кезінде осындай мәжбүрлі ақша жинауға талай рет куә болған.

«Мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдарда бір күндік жалақы жинау деген құбылыс кең таралған. Әдетте, бұл түрлі төтенше оқиғаларға байланысты (Арыстағы жарылыстар, кеншілердің қаза табуы, «Семей орманы» аумағындағы өрттер және басқа да жағдайлар).

Отставкаға кеткеннен кейін, 2022-2023 жылдары мен бұл тақырыпты жан-жақты зерттеп, мәселеле ретінде көтере бастадым. Мемлекеттік органдарға, соның ішінде Экономикалық тергеп-тексеру қызметіне, Бас прокуратураға осындай қаражат жинаудың заңдылығын тексеру қажеттігі туралы өтініштер жолдадым. Бұл қаражаттың ерікті-мәжбүрлі негізде аударылатынын жақсы білемін. Заң бойынша бізде қайырымдылыққа қолдау көрсетіледі. Бірақ ол ерікті болуы керек қой, «ерікті-мәжбүрлі» емес», – дейді Сержан Аршабеков.

ІІМ-нің бұрынғы қызметкері жиналған қаражаттың қайда-қалай жұмсалатыны туралы мәселені де көтерген.

«Мұндай орасан зор қаражаттың жиналуын да, жиналғаннан кейін оның қайда жұмсалатынын да ешкім бақыламайды. Қайырымдылық шынымен де ерікті болуы керек. Оның үстіне, бір күндік жалақысы жиналатындар – еңбекақысы төмен қарапайым қызметкерлер. Олардың барлығының семьясы, кредиті, мойнындағы міндеттемелері бар. Олар үшін әрбір тиын маңызды. Оның үстіне, техногендік апаттардан зардап шеккендер мен басқаларға көмек көрсету жұмысын ұйымдастыру –мемлекеттің міндеті», – деп түйіндеді Сержан Аршабеков.

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға Қазақстан армиясындағы қауіпсіздік мәселесін ғана емес, қолдау көрсету мәселесінде де түйткілдер бар екенін көрсетті. Қазақстанда өзі кез келген түсініксіз жағдай туындаса, ақша жинау бастала жөнеледі. Осылай адамдардың шын ниеті түбі есеп-қисапқа, түбіртектер мен есеп беруге айналып кетеді.

Фото: gov.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!