Есікте акушер-гинекологтар шулап жатыр

Қайтейік енді

15.10.2026,

  в 15:00

367

Онсыз да азғантай айлықтарын алмаған дәрігерлер қоңыз теріп кетуге шақ қалды

Алматы облысында акушер-гинекологтар егістікте масақ теруге мәжбүр! Өйтпеске амалы жоқ. Өйткені екі айдан бері айлық алмаған. Бүгін олар перзентхана алдында шу шығарды. «Жалақымыз онсыз да аз, енді соның өзін кешіктіріп жатыр» деп қапалы. Ал мекеме басшылығы «ақша бөлінбеді» деп отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Бұл орталықтың жұмыс істеп жатқанына 30 жылға жуықтаған, 250-ге жуық маман қызмет істейді. Күніне шамамен 20 әйел босанады екен.

Сәулеш ГАЛФАЙ мұнда 20 жылдан бері акушер болып жұмыс істейді. Қаншама нәрестенің дүниеге аман-есен келуіне ат салысқан маман екі айдан бері «көк тиын алмадық» деп отыр. Соның кесірінен қарызға батқан.

– Айлығымыз өзі аз еді, азға қанағат тұтып істеп жатқанбыз. Бірақ, міне, бір жарым айдан екінші айға кетіп бара жатыр. Бәріміз кредитте отырмыз. Мен, мысалы, жалғызбасты анамын. Екі бала бағып отырмын. Айлық аз болғандықтан, қосымша да жұмыс істеп жүргенбіз. Әлі күнге дейін істеп жатырмын, – дейді акушер Сәулеш Галфай.

Ақшадан тарыққан ақ халаттылардың бірі егістікте масақ терсе, енді бірі қалада автобус жууға мәжбүр. Өйткені бәрінің басында несие бар.

– Қарыздан қарызға кіріп кеттік. Кредитімізді төлей алмай жатырмыз. Пайыздан пайызға кеттік. Бала-шағамызға нан тауып бере алмай жүрміз. Үш күннен бері егістікке шығамыз, бала-шаға күн көре алмай жатыр, шыны керек. 12 мыңға «пятакқа» шығамыз, бала-шағамызға нан тауып береміз. Күндегі ақша күнде кетеді. Жолымызға да ақша жоқ, – дейді мейірбике Жанар ҚАЛДЫБАЕВА.

Перзентхана басшысы 250 қызметкеріне жалпы сомасы 187 миллион теңге жалақы берешек екенін растады. Қазір осы мәселені шешу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр дейді.

– Бізде көрсетілген көмекті конкурс арқылы қаражат отырғызылады ғой. Осығанға дейін бөлінген қаражат көлемі аз болғандықтан, сәуір айынан бері қарай, осы уақытқа дейін 590 миллион бөлінген. Ол толығымен игерілді. Алдағы уақытта, жыл соңына дейінгі қосымша тағы қаражат сұрап, конкурсқа ұсынған болатынбыз. Енді соның нәтижесін күтеміз, – дейді Дәурен ИМАНӘЛИЕВ, Есік қаласы №1 перинаталдық орталығының директоры.

Дәрігерлердің бүгінгі толқуынан соң, орталыққа қаржы бөлетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағылар да апта соңына дейін жалақы беріледі деп уәде берді.

– Есік қаласындағы №1 перинаталдық орталық қызметкерлеріне жалақы төлеу мәселесін шешу үшін қор тарапынан қосымша қаражат бөлінді, ол жақын күндері төленеді. Жалпы алғанда орталық жоспарда көзделген жоба қуатына шыққан жағдайда, оның қаржы жағдайын жақсарту бойынша бірлескен жұмыс жалғасатын болады, – дейді Нұрлан ҚЫДЫРБАЕВ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры.  

Ақ халаттылар айлығын алуға асық. Олар жалақыны көтеру мәселесі де назардан тыс қалмаса дейді.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!