Атырауда көлігін сатпақ болған жүзге жуық адам алаяққа алданды

Қайтейік енді

26.08.2025,

  в 16:05

780

Қазір тергеу жүргізіліп, шығын көлемі есептеліп жатыр

Атырауда көлігін автосалон арқылы сатқысы келген жүзге жуық азамат жер сипап қалды. Алдандық деген тұрғындар не машина, не ақша жоқ деп сабылып жүр. Полициядан көмек сұраған тұрғындар салонның қызметкерлері сенімге кіріп, сан соқтырып кетті деп күйінеді. Алаяқтық схемасын тәртіп сақшылары анықтап, басты күдіктілерді қамауға алды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Қазір тергеу жүргізіліп, шығын көлемі есептеліп жатыр.

Нұрхан СЕМБАЕВ Toyota RAV-4 маркалы көлігін сату үшін арнайы сайтқа хабарландыру жариялаған. Көп ұзамай жігіт ағасына автосалонның өкілдері қоңырау шалып, машинаңызды өткізіп береміз деп сендіріпті. Ақыр аяғында келісім орындалмай, уәдені үйіп-төккен жандарды таппай қалдық дейді қала тұрғыны.

Нұрхан сияқты алдандық деген адамдардың саны жүзге жуықтайды. Олар автосалонның есігіне қара құлып салынғанда сан соғып қалғанымызды түсіндік деп отыр. Себебі, менеджерлер байланысқа шықпай, із-түссіз жоғалыпты.

Машинаңды өткізіп береміз, 10 күн ішінде ақшаңызды аударамыз деген. Сол бойынша біз келдік, машинамызды өткіздік. Келгенде сұрадық «точно осылай бола ма?” деп. Иә, 10 күн ішінде ақшаңызды қайтарамыз деді. 13 күні ақшамды алуым керек еді. Келсем халық жиналып қалған. Не боп қалды десем адамдар алдандық деп шулап жүр, — дейді жәбірленуші Берік ЖІГІТ.

Екі тұлға қазір тергеу сотымен күзетпен ұстау бұлтратпау шарасымен қамауға алынды. Атырау өңірінен 90-нан аса жәбірленуші бар. Яғни, өз көліктерін аталған мекемеге тапсырып, белгіленген келісімшартқа сәйкес, өз ақшаларын ала алмай арыз түсірген. Сол себепті біз қазір барлық автокөліктерге тыйым салынып, қандай да бір сату, сатып алу операцияларына тоқтам салдық, — дейді Атырау облыстық тергеу басқармасы бастығының орынбасары Арсен ИМАНАЛИЕВ.

Тәртіп сақшылары осы автосалонға алданған жандар саны әлі де артуы мүмкін дейді. Алдағы уақытта шығын көлемі есептеліп, сан соғып қалған жәбірленушілердің нақты саны белгілі болады. Полиция улап-шулап жүрген тұрғындарды тергеу аяқталғанын күтуге шақырады.

Фото: Информбюро 31.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!