Қазақтың озық мектебі өзінің ғылыми-зерттеу орталығын ашты

Ду шапалаq

18.11.2026,

  в 18:00

213

Табиғатты тану – оны зерттеуден басталады

Алматыдағы әйгілі Shoqan School мектебінде кәдімгі ғылыми-зерттеу орталығы құрылыпты. Ол жерде енді оқушылар табиғат туралы тек кітаптан оқып-білмей, өсімдіктерді өз қолымен өсіріп, тәжірибелер мен зерттеулерін жасап, өз идеяларын жүзеге асыра алатын болды.

Орталықтың өзі екі қабатты, ішінде микроклондау зертханасы, Science және STEAM зертханалары, робототехника кабинеттері бар. Аумағы кең жылыжайда оқушылар өсімдіктерді өсіру мен көбейтудің заманауи әдістерін меңгермек.

Shoqan School оқушылары енді өсімдіктердің өсу кезеңдерін бақылап, топырақтың құрамы, жарық пен судың әсерін зерттеп, тәжірибе нәтижелерін талдай алады.

Сондай-ақ мұнда жаңбыр суын жинап, оны өсімдіктерді суаруға пайдалану жүйесі қарастырылған. Мектеп асханасынан шығатын органикалық қалдықтар компостқа айналып, жылыжай мен саябаққа тыңайтқыш ретінде қолданылады. Осылайша, балалар суды үнемдеу мен қалдықтарды пайдалы ресурсқа айналдырудың жолдарын тәжірибе жүзінде үйренеді.

Табиғатты зерттеуге зейін бұрған жас ғалымдар сонымен қатар Қазақстанның түрлі климаттық аймақтарына бейімделген ағаш көшеттерін өсіреміз деп отыр. Орталықтың жылдық жоспарына 50 мыңнан 70 мыңға дейін көшет өсіру енгізіліпті.

Әрине, ағаштарды құр отырғызу емес, оның қалай өсетінін түсіну, қоршаған ортаны зерттеу және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану жолдарын іздеу маңызды.

Айтпақшы, бұл идеяның авторы – осы мектептің негізін қалаған Әсел ТАСМАҒАМБЕТОВАНЫҢ өзі.

Мектептің экологиялық бастамалары 2023 жылы басталған

2023 жылы мектепте Shoqan Ecology экологиялық бастамасы қолға алынып, жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету басталған. 2027 жылдың 24-25 сәуірінде Shoqan Ecology форумы өтеді, оған өтінім қабылдау басталып кетті.

2023 жылы мамырда мектептің жылыжайында оқушылар микроклондау әдісімен тал көшеттерін өсіріп, сол жылдың күзінде Қала күніне орай ағаш көшеттері мен гүлдер Меңдіқұлов көшесінің бойындағы мектеп аумағына отырғызылған.

Shoqan School мектебі экологиялық жауапкершілікті білім беру үдерісінің маңызды бөлігі ретінде қарастырады. Мектеп БҰҰ-ның Жаһандық шартына қатысушы ретінде Тұрақты даму мақсаттары (SDG)мен ESG қағидаттарын басшылыққа алады. Мектепте күн энергиясын пайдалану технологиялары енгізілген және LEED халықаралық экологиялық сертификаты бар.

Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептің жаңа Ғылыми-зерттеу орталығы осы бастамалардың жалғасы ретінде экологиялық білімді ғылыми зерттеулермен, заманауи технологиялармен және оқушылардың практикалық жобаларымен ұштастырмақ. Яғни, оқушылардың экологиялық идеяларын нақты зерттеу жобаларына айналдыруға жағдай жасайды.

Фото: Shoqan School.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!