Иісі деген страшный. Қызылорда 20 жыл бойы сасып тұр

Қайтейік енді

07.09.2025,

  в 16:03

285

Қызылорда билігі жиырма жылдан бері жағымсыз иістен құтыла алмай отыр

Қызылорда билігі қала орталығындағы жағымсыз иістен жиырма жылдан бері құтыла алмай отыр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Кәріз сорғы станциясына қыруар қаражатқа күрделі жөндеу жүргізгенімен проблема әлі шешілмеген.

Соның кесірінен сол маңдағы көпқабатты үйдің тұрғындары медициналық бетпердені күні-түні тағып жүреді. Есік-терезелерін қымтап, тұншықтық деген жұрт талай табалдырықты да тоздырыпты. Бірақ шенеуніктер тығырықтан шығар жол іздеуге асықпайды деп ашынып отыр.

Әлемді алаңдатқан коронавирус пандемиясының аяқталғанына біраз уақыт болды. Алайда қаланың қақ ортасындағы көпқабатты үйдің тұрғындары әлі күнге дейін медициналық маска тағып жүруге мәжбүр. Өйткені бұл аумақта орналасқан кәріз сорғы станциясының қолаңса иісінен емін-еркін тыныстау мүмкін емес. Тіпті кей күндері бетперденің өзі сасық иіске қорған бола алмайды дейді көпшілік.

— Бұл бетперде де сасық иістен қорғамайды ғой. Бірақ тағып жүреміз, ең болмаса инфекциядан сақтанайық деп. Ал бұл жерде газдан қорғайтын арнайы құрылғыны тағу керек. Әйтпесе иіс мұрын түгілі өңешіңді ашытады, — дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Ольга ШАФИГУЛЛИНА.

Көпшілік кәріз желілерінен шығатын жағымсыз иістің айналаны алып жатқанына 20 жылға жуықтады дейді. Тіпті баспанаға да сіңіп қалған иістен қайда қашарымызды білмей әлекке түсеміз деп отыр. Соның кесірінен тұрғындардың сатуға шығарған пәтерлері де өтпей қалған. Шулаған халық шенеуніктерге мәселелерін айта-айта шаршаған да екен.

— Мына үйге көшіп келгеніме 3-4 жыл болды. Білмей алдым, әйтпесе жоламас едім. Иісі деген страшный. Енді сатайын десем өтпей жатыр. Акиматтан келді. Тыңдайды да кетеді. Экологтар да келді, олар да тыңдап кетеді. Білмеймін, ешқандай нәтиже жоқ, — дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Құралай ЖЕТІСАРОВА.

Ал жауапты мекеменің өкілдері бұл станция 5 жыл бұрын жаңартылғанын жеткізді. Енді кәріз жүйесіне жөндеу жүргізуді жоспарлап отыр.

— КНС-теріміз қазір жаңадан еуропалық стандарттармен автоматтандырылған, толық насостармен жаңаланып тұр. Енді линияларымызды тазалап алсақ. Биологиялық станциямызды тазалап алсақ. Сонымен иіс әрі қарай кетеді деп ойлаймын. Өйткені кәріз суды айдап жібергеннен кейін иіс тазаланады ғой, — дейді «Қызылорда су жүйесі» Мемлекеттік мекемесінің бас инженері Наурыз БАЙАРЫСТАНОВ.

Бірақ жауапты маман кеңес дәуірінен қалған кәріз жүйелерін жөндеу жұмыстары ұзақ уақытқа жалғасатынын жасырмайды. Ал, ашынған жұрт арыз-шағымдарын арқалап, облыс әкімі Нұрлыбек НӘЛІБАЕВҚА жеткізуге бекініп отыр.

Фото: Информбюро 31.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!