Алаяқтар 10 мың теңгеге Altyn Bank пен Freedom Bank карталарын алып, қосымшаларына кірген

Зерттеу

15.12.2025,

  в 09:00

584

Содан кейін аңғал азаматтарды ондаған миллион теңгеге алдап, ақшаны оп-оңай шығарып алған

Қазақстандық банктердің қосымшаларындағы қорғаныс олқылықтары мен заңнамадағы кемшіліктерді пайдаланып жүрген алаяқтар мен дропперлерге қатысты істерді Hronika.kz мұқият зерттеуде. Банктер мұндай мақалаларға қанша ренжісе де, сот шешімдерін талдай келгенде ұрланған ақшаның көбінесе Altyn Bank пен Freedom Bank арқылы шығарылатынын көреміз.

Сот шешімдерінің арасында кейде белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік беретін қызықты істер де кездеседі.

Мысалы, Ақмола облысы Ерейментау аудандық сотының 2025 жылғы 12 маусымда шығарған шешімі бар. Бұл азаматтық істе талапкер ретінде Марина БАРДЕЕВА, ал жауапкер ретінде бірден үш азамат – Игорь БОНЯКЕВИЧ, Ақәділ НҰРОЛЛА және Ұлықпан ӨРЕКЕШОВ танылған.

Сол баяғы схема болған: белгісіз біреу алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы Марина Бардееваның банктік шотына қол жеткізіп, 14 917 300 теңгені үш банктік шотқа аударған:

  • 2024 жылғы 17 сәуірде – Нұролланың атына тіркелген Freedom Bank-тегі банктік шотқа 4 648 300 теңге;
  • 2024 жылғы 17 сәуірде – Бонякевичке тиесілі Freedom Bank-тегі банктік шотқа 10 000 000 теңге;
  • 2024 жылғы 18 сәуірде – Өрекешовке тиесілі Altyn Bank-тегі банктік шотқа 269 000 теңге.

Бардеева Қарағанды қаласы полиция басқармасының Орталық полиция бөлімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында жәбірленуші деп танылды. Қазіргі уақытта кінәлі тұлғаның анықталмауына байланысты іс бойынша өндіріс тоқтатылған.

Бонякевич сотта болған оқиғаға Бардееваның өзі кінәлі деген ұстанымды ұстанып, ешқандай ақша алмағанын және Freedom Bank-те шот ашпағанын дәлелдеуге тырысты.

Бірақ Ақәділ Нұролла мен Ұлықпан Өрекешов өтірік соқпай, істің қалай болғанын сотта ашық баяндады:

«Нұролла мен Өрекешов Telegram мессенджеріндегі хабарландыру бойынша Freedom Bank және Altyn Bank-те шоттар ашқанын, оны “Гоморо” деген никпен хабарласқан біреуге 10 000 теңгеге сату үшін тіркегенін түсіндірді. Сол тұлғаға қашықтан сол банктік шоттарды пайдалану үшін SMS-кодты берген. Банктік шоттарын соған тапсырған да қойған. Ол шоттарға ақша түскенін де білмеген, түскен ақшаны шешіп алмаған, пайдаланбаған. Осыған байланысты талаппен келіспейді».

Altyn Bank өкілі сотқа Өрекешовтің банк клиенті ретінде 2024 жылғы 8 сәуірден бері тіркелгенін хабарлады. Altyn-i қашықтан қол жеткізу жүйесіндегі жеке кабинет тіркеуі биометриялық верификациядан өтумен, сондай-ақ жеке кабинет тіркеу кезінде көрсетілген сенімді нөмірге жіберілген SMS/push қауіпсіздік кодтарын енгізумен қатар жүрген. Тіркеуден бастап талданып отырған кезеңде тіркелген барлық сұраулар, қолданылған IP-мекенжайлар мен сенімді құрылғылар клиентке тиесілі.

Freedom Bank жауапкерлер Нұролла мен Бонякевичтің фотосуреттері қоса берілген банктік құжаттармен шоттардың тіркелгенін растады.

Бонякевичтің өкілі сотта оның Бардееваға келтірілген материалдық залалға да, Freedom Bank-тегі банктік шотты рәсімдеуге де ешқандай қатысы жоқ екенін алға тартты. Сот отырысына қатысудан Бонякевич бас тартты. Сонымен қатар Freedom Bank ұсынған мәліметтерден Бонякевичтің 2025 жылғы 15 сәуірде жеке тұлға ретінде банктік шот ашу және дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру жөнінде өтініш-анкета тапсырғаны, бұл оның фотосуретімен расталатыны анықталды.

Сот отырысында Бонякевичтің өкілі Freedom Bank-тегі шотты рәсімдеу сәтінде тіркеген фотодағы тұлға жауапкер Бонякевич емес екенін мәлімдеді. Осыған байланысты сот ҚР құқық қорғау және арнайы органдарының ақпарат алмасу жүйесі арқылы халықты құжаттандыру базасынан Бонякевичтің фотосуретін сұратып, оны сот отырысында Freedom Bank ұсынған фотосуретпен салыстырды. Екі фотоны сот отырысына қатысушыларға көрсетті және екі суреттегінің бір адам екеніне көз жеткізді.

Freedom Bank Бонякевичке тиесілі банктік шотқа қатысты мынадай мәлімет ұсынды: «2024 жылғы 17 сәуірде Бардееваның шотынан екі рет 5 млн теңгеден, барлығы 10 млн теңге түскені анық дәлелденді, бұл Бардееваның және оның өкілінің түсініктемелеріне, ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық іс материалдарына, Freedom Bank өкілінің түсіндірмелеріне сәйкес келеді және ұсынылған банктік құжаттармен расталады».

Сот Нұролла мен Өрекешовтің өз атына тіркеген шоттарға түскен қаражат үшін жауап бермейміз деген түсініктемелерімен келіспеді:

«Сот банктегі шот иесі авторизация үшін пайдаланылатын құпия парольдерді бөтен тұлғаларға беруге құқылы емес деп есептейді; белгісіз тұлғадан ақша түскен жағдайда, ол банкке жүгініп, ақшаның түсу негізін анықтап, немесе түскен ақшаны қайтару шараларын қабылдауы тиіс; банктік шотына қолжетімділіктен айырылған кезде шот иесі бұл туралы банкті хабардар етіп, шот бойынша операцияларды бұғаттау шараларын қабылдауы тиіс; демек, банктік шот иесі өз шотын тиісінше пайдаланбауға байланысты туындайтын жағымсыз салдардың тәуекелін өзі көтереді».

Нәтижесінде сот Бардееваның талап арызын қанағаттандырып, үш жауапкерден негізсіз баю сомасын өндіріп алуға шешім шығарды. Бонякевич бұл шешімге шағымдануға тырысқанымен, апелляциялық саты оны күшінде қалдырды.

Айта кету керек, Ұлықпан Өрекешов осыған ұқсас басқа іс бойынша да жауапкер болған. Ол іс бойынша шешім 2025 жылғы 5 қарашада Қызылорда облысы Арал аудандық сотымен шығарылған. Одан Freedom Bank-тегі шотына алаяқтар аударған 2 млн теңге өндіріп алынған. Сол кездегі сот отырысында Өрекешов былай деген:

«Жауапкер талап қоюды мойындамай, талап қоюшы С.А.Абеновті танымайтынын, онымен бұрын кездеспегенін, «Freedom Bank» АҚ-да есепшотты ашуына «Telegram» әлеуметтік желіcінен көрген жарнамасынан өзіне белгісіз адамдардың ықпалымен Банктен есепшот ашу арқылы 10000 теңге пайда табуға болатынын, ол үшін тек банктің қосымшасын жүктеп, өзі биометриялық тексеруден өтіп, ал абоненттік нөмірін жүктеу кезінде өзіне бұрын таныс емес адамның абоненттік нөмірін теру арқылы есепшот ашу арқылы ақша алуға келіскенін, кейін қосымшаны жоюды талап еткен соң, жойып тастағанын, есепшотты өзіне жеке ашпағанын және ешкімнен ешқандай ақша алмағанын көрсетті. Сондықтан өзі де алаяқтардың құрбаны болған – деп күдіктенетінін айтқан».

Мінеки, көріп отырғанымыздай, алаяқтар дропперлерге Altyn Bank пен Freedom Bank карталарын ашқаны үшін ақша ұсынады. Олар неге басқа емес, дәл осы екі банкті атап тұрып хабарландыру таратады?

Фото: bankffin.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!