Назарбаевтың миллиардтарын Bank RBK қайда зу еткізді

Зерттеу

10.01.2026,

  в 16:00

295

Банк сол үшін айыппұл арқалады

Бұл Қазақстанда Bank RBK деген бар. Заңнаманы бұзу жағынан ешбір банктерге дес бермейді: 2024 жылы Bank RBK-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 364 іс өндірісте болған! Күн сайын бір рет заң бұзған боп тұр ғой.

Мәселен, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметкерлері жүргізген тексеру барысында 2023 жылғы 11 желтоқсанда Bank RBK мен қарыз алушы «AQNIET Capital» ЖШС арасында инвестициялық мақсаттарға арналған қаржыландыру туралы келісім жасалғаны, сосын кредиттік линияның 395,2 млн долларға ұлғайтылғаны анықталды. Ол компанияда әр кездері ары кеткенде бес адамнан артық қызметкер болмаған, компанияның ешқандай мүлкі де болмаған. ЖШС құрылтайшысы – Қайрат ИТЕМГЕНОВ, ол 2025 жылғы қазанда Forbes деректеріне сәйкес Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесмені рейтингінде 35-орын иеленген.

Сондай-ақ тексеру барысында Bank RBK-нің екі клиент – SYNTECH FZE және VNSV TRUSTEE PTE. LTD бойынша жалпы сомасы 16,24 млрд теңге немесе 31,2 млн доллардан асатын операциялар жүргізгені анықталды, бұл операциялардың ақырында ақшалай қаражат трансшекаралық елдерге аударылып кеткен.

Сот актісінде көрсетілгендей, тексеру барысында Bank RBK тарапынан клиенттердің операциялары бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне еш хабарлама берілмегені анықталды.

Ең сорақысы – Bank RBK-нің тағы бір клиенті – «EBF Investment» ЖШС бойынша жүргізген операциялары. Аталған компания «Skybridge Invest» АҚ-ға жабық пайларды төлеу үшін 262,6 млрд теңге немесе шамамен 615 млн доллар көлемінде жарна аударған:

«2024 жылғы 5 ақпандағы тексеру тағайындау туралы №01-4-01/1 актіге сәйкес жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті орган банк тарапынан клиенттің екі операциясы бойынша ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне ФМ-1 хабарламалары жолданбағанын анықтады. Атап айтқанда, «EBF Investment» ЖШС – «Skybridge Invest» АҚ арасындағы жабық пайларды төлеуге арналған 319 427 780 АҚШ доллары (136 443 576 227 теңге) және 295 572 220 АҚШ доллары (126 191 603 606 теңге) сомасындағы жарналар бойынша», – делінеді сот актісінде.

Айта кетейік, осы заң бұзушылық үшін Bank RBK-ге ӘҚБтК-нің 214-бабының 2 және 8-бөліктері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 182 574 теңге мөлшерінде айыппұл салынған.

Ендеше Bank RBK-нің әлгі клиенті – «EBF Investment» ЖШС деген кімдікі?

Adata.kz мәліметіне сәйкес, «EBF Investment» ЖШС 2018 жылғы 16 мамырда тіркелген, алайда әу баста «EBS Investment» ЖШС деп аталған. 2024 жылғы 9 қазанда компания есептен шығарылған. Яғни, шамамен бір жылдан соң, шоттарынан 262,6 млрд теңге немесе шамамен 615 млн доллар шығарылғаннан кейін.

«EBF Investment» ЖШС-нің соңғы құрылтайшысы 2024 жылғы 19 шілде мен 9 қазан аралығында «BEST CAPITAL INVESTMENT» ЖШС болған. Ал оған дейін негізгі қызмет түрі «қаржылық қызметтер, экономиканың әртүрлі салаларында қаржыландыру, инвестициялық қызмет (ЭҚЖЖ: 64992)» деп көрсетілген компанияның құрылтайшылары әр кезеңде жеке қорлар – «Елбасы Қоры», «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры» және «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры» болған.

«EBF Investment» ЖШС-нің Bank RBK-тегі шоттарынан 262,6 млрд теңге немесе шамамен 615 млн доллар аударылған «Skybridge Invest» АҚ-ның негізгі қызмет түрі – активтерді басқару, Ұлттық қордың активтеріне, Ұлттық Банктің алтын-валюта активтеріне, зейнетақы активтеріне қатысты қызметті қоспағанда, бағалы қағаздар мен тауарлар бойынша мәмілелер жасау жөніндегі брокерлік қызмет (ЭҚЖЖ: 66122).

«Skybridge Invest» АҚ-ның 100% акциясына иелік ететін акционер – «SB SOLUTIONS» ЖШС. Бұл компанияның алты тең құрылтайшысы бар: Азамат БЕРЛИН, Дамира БИЙСЕНБАЕВА, Алмаз ИРИШЕВ, Инара ЖАХАНОВА, Бауржан ИСЕНГАЛИЕВ және Темирлан ОМАРЖАНОВ. 2024 жылғы аудиторлық есепке сәйкес ең ірі үлес – 30% – Алмаз Иришевке тиесілі, қалғандары 6%-дан 18%-ға дейін. Бұл алты құрылтайшының әрқайсысының басқа компанияларда да үлестері бар.

Бірақ ең бастысы – дәл осы адамдарға Елбасы Қорына тиесілі компанияның 262,6 млрд теңге немесе шамамен 615 млн доллары көлеміндегі қаражатты басқару сеніп тапсырылған. Ал «Елбасы Қорының» да, «Нұрсұлтан Назарбаев Қорының» да жалғыз құрылтайшысы – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Осылайша, Bank RBK бір кездері Қазақстанның тұңғыш президентіне тиесілі болған компанияның шоттарынан 262,6 млрд теңгені жай ғана аудара салғаны үшін 182 574 теңге көлемінде айыппұл арқалады деуге болады.

Коллаж: © Hronika.kz / Мәлік Құмарбеков. Пайдаланылған фото Forbes.kz / Андрей Лунин, elbasy.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!