Қайтейік енді
12.01.2026,
в 15:00
325
Жеке азаматтарға арналған автолизинг жүйесінің пилоттық режимде іске қосылғанына екі ай болды. Бағдарламаның басты мақсаты – автокөлікті сатып алуды халыққа қолжетімді ету еді, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Бұған дейін лизинг тек заңды тұлғаларға қолжетімді болған. Енді жеке азаматтар да автокөлікті ай сайын төлем жасап пайдалана алады. Алайда көлік толық өтелгенге дейін лизингтік компанияның меншігінде қалады. Барлық тәуекел пайдаланушының жауапкершілігінде. Мерзім соңында көлікті сатып алу, қайтару немесе ауыстыру мүмкіндігі бар.
– Автолизинг –бұл жалға алуға ұқсас, бірақ шарттары икемді автокөлікті пайдалану тәсілі. Ол адамның табысы мен көлікті пайдалану жоспарына қарай төлем кестесін таңдауға мүмкіндік береді. Процесі қарапайым: клиент дилерге немесе лизингтік компанияға барып, өзіне лайық көлікті таңдайды. Үшжақты келісім жасалып, лизингтік компания автокөлікті сатып алып, клиентке пайдалануға береді, – дейді Ардақ ДОСАНОВ, «Kazleasing» лизингтік компаниялар қауымдастығы» ЗТБ-ның бас директоры.
Автолизингте ай сайынғы төлем көліктің амортизациялық құнына байланысты өзгеруі мүмкін. Сонымен қатар, лизингпен алынған көлікті пайдалануға қатысты бірқатар шектеулер қарастырылған.
– Бастапқы жарна 40-30 пайыз төлеу керек және төлем ақысы аз болғандықтан көлік өз атына аударылмайды. Бір жылдық технически байқауда басқа жерге баруға болмайды. Тек автосалонның өзінен майын, суын ауыстырады. Ол сата алмайды, басқа біреуге бере алмайды. Інім, әйелім айдасын деу болмайды, – дейді автосалон басшысы Ерік НАДЫРОВ.
Мемлекет бастапқы жарнасыз тетікті ұсынғанымен, нақты талаптар бекітілмеген. Қазір лизингтік компаниялар алғашқы жарнаны өздері белгілеп отыр, ол 10 пайыздан басталады. Пилоттық жоба іске қосылғалы әзірге бір ғана адам автолизингті пайдаланған.
– Бұл жерде пайыздық мөлшерлеме жүреді деді ғой. Екінші деңгейлі банктер 25 пайызбен береді. Лизингтік компания өзіндік пайызын қосады. Бұл жерде пайызы өте қымбат болып кетіп тұр. Осы мәселелерді ескеріп, үкіметтен субсидия бөлініп, пайыздық мөлшерлеме түссе, алғашқы жарна төленбесе, әрине, халық алып өз кәдесіне жаратар еді, – дейді автосарапшы Санат НҰРБАЕВ.
Халықаралық тәжірибеде автолизинг кеңінен қолданылады. Мәселен, АҚШ-та әр үшінші көлік лизинг арқылы алынса, Жапонияда бұл жүйе салықтық жеңілдіктермен қолжетімді. Ал Қазақстанда автолизингтің тиімді болуы – пайыздық мөлшерлеменің төмендігіне, шарттың ашықтығы мен төлемнің халық қалтасына сай болуына тікелей байланысты.
Сарапшылар жаңа жүйеге біршама өзгерістер керек екенін айтады.
Фото: iStock.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
21.01.2026,
10:30
18.01.2026,
12:00
15.01.2026,
15:00
15.01.2026,
09:00
16.01.2026,
10:30
Реклама
Реклама