Қазақстанда жасалған капсулалы үйшік қанша тұрады

Қайтейік енді

29.01.2026,

  в 15:00

246

Мұндай үйшіктер халқы көп, жері тар Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде кеңінен қолданылады

Түркістан облысында заманауи баспана – капсулалы үйлерге сұраныс артып келеді, деп хабарлайды Түркістан телеарнасы.

Өңірдегі өндіріс орындарының бірінде Қазақстан бойынша алғаш рет капсулалы үйшік құрастырылып жатыр. Бұл жылжымалы форматтағы үй туристік кешендерге, глэмпингке және мобильді кеңселерге арналған, оны тіпті қонақ үй ретінде пайдалануға болады.

Кәсіпорын капсулалы үйлерді құрастыруды үш ай бұрын бастаған. Жылына 200 данаға дейін үйшік шығаруға қауқарлы.

Орташа бағасы 12 млн теңгеден басталатын жылжымалы үйлер қыстың қақаған аязына да, жаздың аптап ыстығына да төзімді. Қажетті материалдардың басым бөлігі отандық өнім болса, кейбір сыртқы жабдықтарын Қытай компаниялары жеткізеді.

– Егер туризм саласында орнатып, жұмыс істететін болса, бұл үйшіктер бір жылда өз-өзін ақтап шығады. Монтаж жұмысы өте жеңіл, астында төрт аяғы бар, сол төрт аяқ тұратын жердің астына свая ғана қағамыз. Әмбебап дүние, барлық жерге көшіре беруге болады, – дейді Әбілбек АБИЛОВ, BNK Group компаниясының бірінші орынбасары.

Капсулалы үйлерді тапсырыс берушінің кәсібіне қарай бейімдеуге болады. Қаланың қақ ортасына да, тауға немесе туристік аймақтарға да орнату ыңғайлы. Терезелері күңгірттелген, ал монтаж жұмыстары жеңіл әрі жылдам. Қазірдің өзінде өндіріс орнында оннан астам маман тұрақты жұмыспен қамтылған.

– Биіктігі үш метр болады. Каркасы қалыңдығы 6 мм темір профильден жасалады. Өзінің салмағын көтеруі үшін және бір орында нық тұруы үшін қалың материалдан аламыз. Ішкі жылулығы үшін минвата салып, сыртын пенополистирол, алюкобондпен қаптаймыз, – дейді Жақсылық ИБРАГИМОВ, BNK Group компаниясының технология саласы бойынша маманы.

Әлемдік тәжірибеде капсулалы үйлер Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде кеңінен қолданылады. Жапонияда мұндай үйшіктер шағын аумақта тиімді өмір сүрудің символына айналған. Енді осы тренд Түркістан өңірінде де дамып келеді. Бұл үйлер кеңістікті үнемдеп қана қоймай, туризм мен кәсіпкерлікке тың серпін бермек.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!