Атырауда 100-ден астам отбасы тұратын үй құлағалы тұр

Қайтейік енді

01.02.2026,

  в 14:00

134

Салынғанына 70 жылдан асып кеткен соң не сұрайсың

Атырауда салынғанына 70 жылдан асқан екі қабатты тұрғын үй құлауға шақ тұр. Апатты деп танылғанына 20 жыл болса да тұрғындар тозған үйді паналауға мәжбүр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Жыртығын жамап әбден шаршаған жұрт үйді бұзуды талап етіп отыр.

Баймұханов көшесіндегі іргетасы шөгіп, қабырғасына жарық түскен жұпыны үй халқы бір күні үйінді астында қаламыз ба деп қорқады.

Әбден тозған баспана не жылу, не жарыққа жарымай отыр. Жаңбыр жауса шатырдан шелектеп су ағып, қысы-жазы қабырғасы көктеп тұрады.

Мұнда қазір 100-ден астам отбасы күнтелтеді. Ауру жамаған соң кейбірі туыстарын жағалап көшіп кеткен.

– Жаңбыр жауса төбеден су ағады. Қар жауса да сол төбедегі шифрды жасағанымен каждый стык бетон бойымен кеп тұр. Жылу жоқ. Балалардың бәрі ауру болды. Баратын жер жоқ, квартира жалдап жатыр басқа көршілер. Қаптаған тышқан сосын, – дейді қала тұрғыны Фариза СӘРСЕНҒАЛИЕВА.

– Канализациясы астына кетіп жатыр. КСК жоқ бізде, үсті бәрі жұқарған, мынадай суықта ылғал болып, ішке тамады тамшы, жамылатын төсеніш көрпе – бәрі су. Терезенің бәрі ағып тұр. 2000 жылдан бері сноста тұр, одан бері 26 жыл өтті, бұл үйлерді сносқа кетірсін, – дейді қала тұрғыны Ғалия СЕЙІЛХАНОВА.

Шенділер болса, бұл үйден халық бүгін-ертең көшірілмейді деп шорт кесті. Тозығы жеткен баспаналарды көшірудің жол картасы бойынша 2029 жылғы тізімде тұр.

Айта кетейік шаһарда 90 тұрғын үй апатты деп танылған.

Фото: astanatv.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!