Әкімнің келіні кәсіпкерден өш алып жүр. Өтпей қалған конкурс үшін

Дау-дамай

03.09.2026,

  в 12:00

324

Павлодар облысында меморгандар мен әкімнің келіні 19 лот бойынша жер алу конкурсының нәтижесін жойғызған қожалық басшысын қудалап жүр

Биыл маусым айында Баянауыл ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 19 жер учаскесіне уақытша жер пайдалану құқығын беруге конкурс өткен. Өтініш бергендердің бірі – «Кәрібай» ШҚ иесі Тұрар КӘРІБАЕВ. Ол әйелімен бірге конкурс нәтижелерінің заңдылығын тексеруді сұрап, прокуратураға, ҰҚКД-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне, облыстың жер ресурстарын басқару департаментіне және өңір басшысына 40 өтініш жазған. Олар конкурс әділетсіз өтті деген. Өйткені жеңімпаз деп танылған екі шаруа қожалығы да бір адамды өз жұмысшысы ретінде көрсеткен, жай трактористерді ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары деп көрсеткен және жоқ техниканы «сондай техникамыз бар» құлақтан тебе салған екен.

Нәтижесінде №18 лот бойынша жеңімпаз болып «Арафат Жанұя» ШҚ иесі АБДРАХМАНОВ Н. М. танылған. Бұл кісі – конкурстық комиссияның мүшесі. №9 лот бойынша комиссия мүшесінің туған ағасы жеңген. Ұпайларды есептеу кезіндегі аудио және бейнежазба үзік-үзік. Сол сияқты біршама былықтар болған.

– Менің 1,5 мың гектар жерім бар, бірақ онда су жоқ, – деді Hronika.kz-ке Тұрар Кәрібаев. – Геофизикалық зерттеулер жүргізілді, мамандар қазудың пайдасы жоқ екенін айтты. Менің 220 жылқым, 136 сиырым және қойым бар – су ішу үшін көршілерге барады. Ол үшін ақша төлеймін. Сондықтан суы бар мың гектар жер алу үшін конкурсқа қатысып едім. Ал Бірлік ауылдық округінің әкімі Арман МҰСАТАЕВ «жердің бәрін уже бөліп қойдық» дейді. Картадан көрсетіп тұр: «Мына жерді мынау алады, мына жерді анау алады», – дейді. Мен бәрібір қатысатынымды айттым. Әкім: «Қатыса бер, бірақ мен саған жер бермеймін», – деді. Аудан әкімінің орынбасары Еркін АРЫСТАНБЕКОВТЫҢ қабылдауына бардым. Оған жерді конкурс өтпей жатып бөлісіп алған адамдардың фамилияларын айттым. Ол күлді: «Уайымдама, бәрі ережеге сай болады», – деді. Ал конкурс басталғанда, бәрі мен айтқандай болып шықты. Фамилиясына дейін дәл келді. Олар өз өтініштерінде ауыл шаруашылығы саласының бес маманын көрсетіпті. Бірақ Баянауыл ауданында бес маманы ресми жұмыс істейтін бірде-бір ШҚ жоқ екенін білемін. Конкурсқа бақылаушы ретінде прокуратура қызметкерлерін онлайн қатыстыруды сұрадым, бәрі әділ өтуі үшін. Бірақ оларға біреу қоңырау шалып, «зумнан» шұғыл шықсын депті. Содан басталды – біресе дыбысты өшіреді, біресе видеоны үзеді.

8 шілдеде Павлодар облысының әкімшілік соты «Кәрібай» ШҚ-ның конкурс нәтижелерін жою туралы талап-арызын толық қанағаттандырды. Сот «конкурсты өткізу барысында жер комиссиясы өтініштерді қарау және қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын салыстыру тәртібін бұзған. Комиссия отырысының, оның ішінде өтініштер мен бизнес-жоспарларды талқылау процесінің үздіксіз аудио және бейнежазбасы жоқ, бұл мәліметтердің тиісінше зерттеліп, тексерілгенін растауға мүмкіндік бермейді. Комиссия қатысушыларға тең көзқарасты қамтамасыз етпеген, жеңімпаздың жұмысшылары, техникасы, мал басы мен жер учаскелерінің болуы туралы мәліметтердің дұрыстығын тексермеген, ұпайларды дұрыс бөлмеген, талапкердің мал басының едәуір мөлшерін, сондай-ақ жеңімпаздың өзге де жер учаскелерінің бар екенін ескермеген» деген тұжырыммен келісті.

Жауапкерлер – Баянауыл ауданының әкімі мен аудандық жер қатынастары бөлімінің – күн ысып, телефон қызып, бәрін жазып үлгере алмағаны туралы уәжін сот салмақты дәлел деп санамады. Енді Бірлік ауылдық округінде конкурс қайта өткізіледі. Барлық 19 лот бойынша.

– Конкурста жеңгендер – кілең комиссия мүшелері, не комиссия мүшелерінің туыстары, не әлдебір әкімнің туыстары, – дейді Тұрар Кәрібаев.

Ең сорақысы, ақыр аяғы Тұрар Кәрібаевтың «қанын ішуге» Бірлік ауылдық округі әкімінің келіні кірісіпті.

– Маған тапсырыс хатпен конверт келді. Ашып қарасам, облыстың жер ресурстарын басқару департаментінен келген екен. Сөйтсем, менің шаруа қожалығыма ауылдық округ әкімінің келіні МҰСАТАЕВА шағымданыпты. Соған байланысты шаруашылықта жоспардан тыс тексеру жүргізбек екен. Маған ренжіген әкімнің інісінің әйелінің менде несі бар десеңізші? Қысым көрсетіліп жатқанын айтып прокуратураға арыз жаздым. Сол сәтте қоңырау шалып: тексеру болмайды, оған негіз жоқ деді.

Мен және менің әйелімнің жасыратын ештеңеміз жоқ – салық төлейміз, жерді игеру бойынша барлық міндеттемелерімізді орындап келеміз, мал басы өсіп жатыр, арнайы техника сатып алынып жатыр. Ал енді әкімнің мені қудалау үшін келінін араластырғаны не деген ақымақтық деп әлі де анда-санда басымызды шайқап қоямыз, – деп басын тағы бір шайқады Тұрар Кәрібаев.

Фото: © Hronika.kz / Ольга Воронько.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!