Қайтейік енді
28.09.2025,
в 15:00
371
Абай облысында қоңыр аю қаптап, төрт түлікке қырғидай тиген. Жыртқыш аң қорадағы малды жайратып, шаруаларды шаш етектен шығынға батырды, деп хабарлайды Информбюро 31.
Жарма ауданының халқы өздерінің қауіпсіздіктеріне де алаңдайды. Себебі, ашыққан жануар ауыл ішіне кіріп, адамдарға да шабуылдауы мүмкін дейді.
Қазір арнайы құрылған комиссия аюды аулау және ату жұмыстарына кіріскен. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ.
Мейрамғалым ЖАРМАҒАНБЕТОВ таң атпай қораға кіріп, төбе шашы тік тұрған. Себебі, қоңыр аю байлаулы тұрған төрт сиырын бұзауымен бірге жарып кеткен екен. Шаруа бұл бірінші жағдай емес дейді. Сондықтан қазір өріске тек қана қарумен шығатын болған.
— 24-те уже менің қорама түсті. Ақырғы рет, мысалы, бір ай бұрын менің тайыншамды жеді. Ол почти жазығы ғой. Мына Қапанбұлаққа қарай шығатын, жазыққа қарай. Ал ертең ол ашықса, ауылға кірмесіне кім кепіл береді, — дейді Қапанбұлақ ауылының тұрғыны Мейрамғалым Жармағанбетов.
Жарма ауданының жұрты төрт түлігіне бұрын өз қауіпсіздіктеріне де алаңдап отыр. Олар қораны бұзып кірген жыртқыш аң адамдарға шабуылдай ма деп қорқады.
— Мұндай сұмдықты көрген жоқпыз әлі. Күзге дейін жататын малымыз, бұзауымыз жайлауда. Екі сиырымызды жеді, бес-алты бұзауымызды жеді. Малшымыз жүреді, өзіміз жүреміз қорқамыз өзімізге де шаба ма деп. Аю маза бермегенннен кейін малымызды көшіртіп, міне басқа жаққа әкеліп отырмыз, — дейді Қапанбұлақ ауылының тұрғыны Нұрбану ЖІГІТЕКОВА.
Тұрғындар бұл мәселені бірнеше жылдан бері айта-айта шаршаған. Сөздеріне сенсек, жағдай биыл ушығып, қырылған малда есеп жоқ. Ол аздай, ашыққан жануар тау бөктеріндегі омарталардың да тас-талқанын шығарыпты.
Шенеуніктер арнайы комиссия құрылып, аюды аулау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
— Комиссия құрамына жергілікті атқарушы орган өкілдері, құқық қорғау органдары, тиісті басқарма басшылары, сондай-ақ мемлекеттік үлгідегі аңшылық куәлігі бар және қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар 28 азамат енгізілді. Жұмысты тиімді ұйымдастыру және жедел ақпарат алмасу мақсатында комиссия мүшелері үшін арнайы WhatsApp чаты құрылды. Мониторинг жүргізіліп отырады, — дейді Жарма ауданы әкімінің орынбасары Берік СӘМЕЖАНОВ.
Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Халықты шошытқан аюлардың нақты саны да белгісіз. Белгілісі, шығынға батқан шаруаларға мемлекет тарапынан өтемақы төленбейді.
Фото: Информбюро 31.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
23.09.2025,
13:00
24.09.2025,
09:00
23.09.2025,
09:00
23.09.2025,
12:00
Реклама
Реклама