Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы да дау шықты

Қайтейік енді

12.04.2026,

  в 14:00

198

Кімнің түсік тастағаны, ішімдік ішкені, жедел жәрдем шақырғаны жайлы құпия деректер тарап кеткен

Аты жер жарған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің жеке дерегіне қатысты тағы да дау шықты. Бұл жолы кімнің түсік тастағаны, темекі шеккені, ішімдік ішкені, жедел жәрдем шақырғаны жайлы құпия сақталуы тиіс болған есеп елге тарап кеткен, деп хабарлайды Информбюро 31.

Университет басшылығы болған жайтты мойындады. Бүгінде ішкі тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Кім таратып жатқанын білмейміз. Сол себепті қызметкер біздікі болған жағдайда, біз ол азаматтарды Ұлттық университетіміздің тәртіптік кеңесіне саламыз. Комиссия мүшелері жан-жақты талқылап, арнайы шешім қабылдайтын болады, – деді Әл-фараби атындағы ҚАЗҰУ проректоры Бақытжан ОМАРОВ.

Ректорат өкілінің айтуынша, барлық 32 мыңға жуық студент пен 5 мыңнан астам қызметкердің медициналық жағдайы, білім ордасындағы әрекеті жайлы есеп жүргізіледі. Бұл университеттің тәртібі дейді. Жеке деректердің қауіпсіздігіне жауапты университеттің өзінде арнайы департамент те бар. Яғни, ақпаратты солар ғана көре алады. Бірақ бұқараға студенттердің мәліметі қалай тарап кеткені әзірге жұмбақ. Бүгінде бұл жайтқа қатысты прокуратура да тексеріс жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, жастардың жеке деректерінің тарауы Әл-Фараби университетінде бірінші рет емес. 2 жыл бұрын студент қыздардың жыныстық қатынасқа түскен-түспегені жазылған есеп те қолды болған. Осы жайттан соң білім мекемесі жекеменшік медициналық орталықпен келісімшартын бұзып, мемлекеттік ауруханамен жұмыс істей бастады.

«Тексеру барысында деректердің сақталуын қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың әрекеттеріне Қазақстан Республикасының «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» Заңы талаптарын сақтау тұрғысынан құқықтық баға берілетін болады», – делінеді Алматы қаласы прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!