Алаяқтар марқұм болған баланың еміне деп жұрттан ақша жинапты

Қайтейік енді

25.11.2025,

  в 16:00

109

Тәртіп сақшылары жалған парақшаның иесін тапқанымен, кінәлілер әлі жауапқа тартылмаған

Бір жарым жыл бұрын қайтыс болған Диас МҰСАНЫҢ еміне деп күні бүгінге дейін алаяқтар жұрттан ақша жинап келген, деп хабарлайды Информбюро 31.

Ал марқұмның жақындары бұл туралы жақында ғана біліпті. Енді өзгенің қайғысынан пайда іздегендер жазасыз қала ма деп қорқады. Сөздеріне сенсек, тәртіп сақшылары жалған парақшаның иесін тапқанымен, кінәлілер әлі жауапқа тартылмаған.

Оңласын АСЫЛБАЕВА ұлы көзі тірісінде жазып қалдырған хатты күнде оқиды. Махаббатқа толы әр әріп ана жүрегіне қадалған найзадай. Өйткені 7 баланың кенжесі Диас осыдан 1,5 жыл бұрын ұзаққа созылған дерттен бақилық болған.

Онсыз да басына қара бұлт үйілген отбасының бар қиындығы мұнымен бітпейді. Әлдекімдер көз жұмған жеткіншектің атынан қор ашып, әлі күнге дейін ақша жинаған екен.

Өлген баламның атынан сбор жинап отыр. Бір күн бұрын балам түсіме кірді. Балам мұңлы, жылап жатыр. Маған ренжіп жатыр. Ертеңінде ана видео кеп тұр ғой. Сонда менің баламның жаны тынышталмай жатыр. Ал қайдағы біреулер сбор ашып, менің баламның жанын қинап жатыр. Не үшін жинайды, не үшін баламды шырқыратады, – дейді марқұмның анасы Оңласын Асылбаева.

Перзентін аман алып қалу үшін ата-анасы екі жыл бұрын расында да елден екі рет көмек сұрап, 70 мың доллар жинаған. Алайда 2024 жылы жинақ толық тоқтатылған.

Бірақ жақында таныстары хабарласып, желіде ұлының атынан ақша жиналып жатқанын айтқан. Марқұмның ата-анасы бірден полицияға арыз түсіріпті. Оңласынның айтуынша, құқық қорғаушылар алаяқтардың кім екенін анықтағанымен, әлі құрықтамаған.

Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеу мақсатында процессуалдық тексеру жүргізуде. Аталған жұмыстардың нәтижесі бойынша іске қатысты қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылданатын болады, – деді Алматы облысы полиция департаментінің бөлім басшысы Ернар САЙДІЛДИН.

Ананың жүрегінде әлі күнге жазылмай тұрған тағы бір терең жара бар. Оңласын Асылбаева баласының қазасына диагноздың дұрыс қойылмауы себеп болды деп есептейді. Айтуынша, дәрігерлер қате диагнозбен бірнеше рет ота жасап, ұлының әлсіреген ағзасын одан сайын титықтатқан.

Шетелге апарғанымда, жергілікті мамандар тым кеш келгенімізді айтты дейді. Сонда жасалған соңғы отадан кейін Диас комаға түсіп, қайта оянбаған, – дейді анасы.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!