Алматы облысында жер алған 300-ден астам адам алданып қалды

Қайтейік енді

19.11.2025,

  в 16:00

132

Жер алғанда алаяққа алданып қалып жүрмеңіз

Алматы облысының Қосөзенінен 10 сотықтан учаске сатып алған 300-ден астам адам тақырға отырды. Сан соққан жұрт сотта жеңіп шықса да, өздеріне тиесілі телімдерге қоныстана алмай 20 жылдан бері сабылып жүр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Бір адамның кесірінен әлек болған халық енді президентке хат жолдап, мәселенің дереу шешілгенін талап етуде.

Әңгіменің әлқиссасы сонау 2006 жылда жатыр.

Ұлардай шулаған жұрттың айтуынша, 162 гектар болатын жерді бас-аяғы 322 адам 10 сотықтан бөліп сатып алған. Бірақ түбінде телім де, теңге де жоқ. 20 жыл өтсе де бір де бір үй түспеген, қара жер бос. Себебі бұл бос жерді сатқан адам алаяқ болып шыққан.

2013 жылы қылмысы үшін ол сотталады. Сол соттың үкімімен 300-ден астам адамның шығынын толтыру міндеттелген.

Алайда мүлік түрінде емес, ақшалай қайтару көзделіпті. Халық ол шешімге қарсы.

– Сатып, бізге сол жылғы курспен ақша береміз дейді. Мысалы, менің сол кезде берген 4 мың долларым қазір 287 мың теңге. Мен ол ақшаға қандай жер сатып аламын?! 287 мың теңгеге қазір 10 сотық жер келмейді, сондықтан да бізге жер берілсін, – дейді жәбірленуші Жаңылқан ӘЛІМҚҰЛОВА.

– Не атқару парағын ала алмай отырмыз. 20 жыл бойы біздің Қазақстан халқының, біздің сенген депутатымыз, сенген әкімшілігіміз 20 жыл бойы ешқандай интересі болмаған бұл жерге, – дейді жәбірленуші Алмагүл МҰҚАМАНОВА

Сот орындаушының сөзіне сенсек, ол жұртқа жердің өзін беруге тырысыпты. Ол үшін арнайы қаулы да шығарған. Бірақ 322 адамның ішінен 8 адам ақша алуға көнген соң, прокуратура істі кері қайтарды дейді.

– Енді адамдар бірігін бір доверенность бір адамға жазып берсе жерді беруге болады. Ал ондай шешім қабылдай алмаса амалы тек қана сату. Сатып, ақшаны өндіру, – дейді сот орындаушысы Асхат БАЙШЫБАНОВ.

Алматы облысы әкімдігінің өкілдері халыққа жердің өзін беру бойынша жұмыстар жүргізіледі деп сендірді. Олар 322 адамның тізімін қайта тексеріп, жауапты органдармен бірлесіп, мәселені жыл соңына жеткізбей шешетінін мәлімдеді. Оған дейін 162 гектар бос аумаққа шектеу қойылып, басқа адамға сатылуына тыйым салынбақ.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!