Ақтау әкімдігі 1 млрд теңгеге қоқыс жәшіктерін «сатып ала» жаздады

Қайтейік енді

14.11.2025,

  в 13:30

670

Ол аздай, әрқайсысы 6 млн 700 мың теңге тұратын 12 киіз үй сатып алмақшы болды

Маңғыстау облысында тоғыз миллиард теңге желге ұша жаздады, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Ақтауда мемлекет ақшасын оңды-солды жұмсамақ болған 34 шенеунік жауапкершілікке тартылды.

Олар тендер арқылы тауарларды қымбат бағаға сатып алмақ болған. 

Мәселен, қала әкімдігі әрқайсысы алты миллион жеті жүз мың теңге тұратын 12 киіз үй сатып алмақшы болған. Ал оның нарықтағы құны төрт есе арзан болып шықты.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы бұл заң бұзуды Маңғыстау облысының прокуратурасы анықтаған.

Қадағалаушы органның мәліметінше, сатып алынатын зат пен қызмет түріне негізсіз баға белгілеу дерегі барлық ауданда анықталған. Конкурсты дер кезінде тоқтатпағанда, бюджеттің 9 млрд теңгесі мақсатсыз жұмсалатын еді, дейді прокурорлар.

Тіпті Ақтау әкімдігі қоқыс жәшіктерін сатып алуға бір миллиард теңге бөлмек болған. Алайда бұл тендер де тоқтатылды.

Фото: 2gis.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!