Қайтейік енді
08.10.2025,
в 16:01
356
Абай облысы Аягөз қаласы биыл да жылыту маусымына дайын болмай шықты. Жауаптылар ескірген қазандықтарды әлі толық ауыстырмаған. Салдарынан көпқабатты үйлердің тұрғындары күздің қара суығында бүрсең қағып отыр, деп хабарлайды Информбюро 31.
Тұрғындар бір апта бұрын берілген жылуды сезбедік деп қынжылады. Тіпті, тастай суық кей мемлекеттік балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатқан.
Облыс әкіміне өтірік есеп берген шенеуніктердің әрекеті көпшіліктің наразылығын туғызды.
Аягөзде қар жауып, күздің қара суығы өңменіңнен өтеді.
Амангелді ШАБАТОВ амалдың жоқтығынан үйінде қабат-қабат киіммен жүрген көптің бірі. Түнде ауа температурасы тіптен төмендеп, жылына алмай берекеміз кетеді дейді. Тұрғындар бірінші қазаннан бастап жылу қосылды деп жар салатын әкімдіктегілердің өтірігіне сенбейді. Себебі, жылда бір сценарий. Күз басталғанда тозығы жеткен желілерді ауыстыру жұмыстары басталады дейді.
— Жылу жоқ. Мынаны августе қазды. Мыналарға үйді жылытамыз деп, отопление тартамыз деп. Әлі жатыр міне. Енді біз міне үйіміз суық отырмыз. Обогреватель қосып отырмыз. Үйде немерелеріміз бар, — дейді Аягөз қаласының тұрғыны Манарбек БЕРТІС.
Көпқабатты үйлерден бөлек жылу берілмеген мемлекеттік балабақшалар да бар екен. Бөбекжайлар жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.
— Бала әкелме деді. Себебі жылу жоқ деді. Әрине мұнда садиктің кінәсі жоқ. Акимат алдын-ала жылумен қамтамасыз етпеді, — дейді Аягөз қаласының тұрғыны Марал АБУСАҒИТОВА.
Ауданның жылу жүйесін қалпына келтіруге бюджеттен 571 миллион теңге бөлінген. Шенеуніктер қаражаттың кеш түсуінен жұмыстар да кеш басталды деп ақталды.
— Бұл жұмыстарды біз тамыз айында бастадық. Енді қаражаттың бөлінісі бар. Мердігер мекеменің анықталуы бар деген сияқты сондай-сондай шаралармен тамыз айына дейін уақыты келді. Тамыз айынан бастап жұмыс жасап жатырмыз. Бәрін реттейміз, — дейді Аягөз ауданы ТҮКШ жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат ИБРАЕВ.
Көшелерді қазып, қызу іске кіріскен мердігер компаниялардың жөндеу жұмыстарын қашан аяқтайтыны белгісіз. Ал әбден тоңған тұрғындар бұл мәселені облыс әкімі бақылауына алмаса жылуды қарашаға дейін күтетін түріміз бар деп отыр.
Фото: видеодан кадр.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
26.10.2025,
10:00
23.10.2025,
15:30
28.10.2025,
10:30
Реклама
Реклама