Банктен кредит алу енді қиын шаруаға айналады

Қайтейік енді

22.03.2026,

  в 14:00

40

Бүгіннен бастап мыңдаған азамат несие алу мүмкіндігінен айырылды

Мыңдаған отандасымыз несие алу мүмкіндігінен айырылды. Себебі, бұдан былай қаржы ұйымдары төлемін 30 күннен аса кешіктірген тұлғаға мүлдем қарыз бермейді. Бұл норма заңмен бекітіліп отыр, деп хабарлайды Информбюро 31.

Демек, борышын уақытылы өтеген тұрғындар ғана кредит алуға құқылы.

Сондай-ақ онлайн қарыз алу шарттары да қатаңдатылды. Енді банктер биометриялық сәйкестендіруден өтпеген адамға несие беруден бас тартады.

Шыны керек, қазір туыс түгілі, банктен қарыз алудың өзі қиындап барады. Себебі, жылдан жылға шарт та, тұтынушыға қойылар талап та қатаңдап жатыр. Мәселен, бұл жолы төлемді кешіктіру мерзімі үш есеге қысқарған. Яғни, айлық өтемін 90 күн емес, 30 күнге кешіктірген кісі кредиттен қағылады. Өйткені банк автоматты түрде бас тартады. Бұл – бір.

Екіншіден, несиеге онлайн өтініш тастаған адам биометриялық сәйкестендіруден өтпесе, тағы да сол кедергіге кез болады.

Бірақ қиын жағдайда қалып, берешегін қайтара алмай жүрген борышкерлер ұжымдық реттеу тетігін пайдалана алады. Өйткені қаржы ұйымдары мейлінше тиімді шарттармен қарызын қайта қаржыландыруға мүмкіндік бермек.

Сарапшы Сапарбай ЖҰБАЕВ шектеу мен тыйым салу – әкімшілік әдіс болып есептелетінін айтты. Оның пікірінше, несиені табысына қарай мақұлдау да дұрыс емес.

– Мәселен, автомобиль алатындар. Менің ақшам жоқ, бірақ бүгін автомобиль алмақшымын да, ертең жұмыс істеп, табысымды таппақшымын. Ал маған айтса: «сенің табысың сол семьяңа жетпейді, 56 мыңнан жартысы, одан жартысын сен төлей алмайсың» деп, бермей қойса, онда ертең автомобиль өндірісін азайтуымыз керек пе? Мәселе осыда, – дейді экономист Сапарбай Жұбаев.

Демек, банктер тікелей халықпен жұмыс істейтіндіктен, белгілі бір деңгейде тәуекелге барады. Сондықтан мұндай шектеулерді уақытша амал есебінде қарастырып, басқа жолдарын іздеген жөн деді қаржыгер.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!