Батыс Қазақстанда халық ақырындап қаладан ауылға көшіп жатыр

Қайтейік енді

24.12.2025,

  в 15:30

169

БҚО-да 203 отбасы ауылдарға көшіп барған

Осыдан екі жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында «Қаладан ауылға» бағдарламасы қолға алынды. Бастама ауылдық аумақтарды дамытудың нақты құралы екендігін іс жүзінде дәлелдеді. Пилоттық жоба аясында шалғайдағы 105 елдімекенге 203 отбасы көшіп барған. Олардың барлығы баспана, жұмыспен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Жетінші арна.

Жобаның басты мақсаты – азаматтардың ауылға көшуін ынталандыру. Халықтың қалаға көші-қонын азайту. Жұмыс күші тапшылығын жою. Агроөнеркәсіптік кешенді, ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту. Шағын орта бизнесті арттыру және тұрақты жұмыс орны жоқ қала тұрғындары мен жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешу.

Жобада негізгі басымдық көпбалалы отбасыларға да берілген. Басымдықтың берекесін көргендердің бірі – СЕРІКҚАЛИЕВТЕР отбасы. Шаңырақта 5 ұл, 1 қыз өсіп келеді. Талай жыл қалада пәтер жалдап жүрген олардың енді өз баспаналары бар. Жұмыс та табылды.

– Мал береді деп күтіп жүрміз. Көтерілуге де жақсы осы жер. Мектепке жолдама бойынша осы ауылға келіп отырмын. Мен бұрын Оралдан ешқайда шығып көрмегенмін. Осы ауылға келдім. Ниет етіп келдім, – дейді тұрғын Айымгүл Серікқалиева.

Жоба тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Бағдарлама бойынша ауылға көшіп барған 997 адамның 623-і – бала. Ондаған мектеп жабылудан аман қалды. Шалғайдағы елді мекен тұрғындарының саны артты. Олар жаңа орында жеке кәсіптерін бастауда. Бірқатары ата кәсіпті нәсіп етіп, ауыл шаруашылығын өркендетуде.

– Ең басты мақсат – шекаралық аймақтардағы елді сақтап қалу. Бұл – біріншісі. Екіншісі – азаматтарды жұмыспен қамту. Баршамызға белгілі, қалада жұмыс табу, пәтер алу оңай емес. Пәтер жалдап жүрген азаматтар осы бағдарламаға тапсырып, әкімдік тарапынан үйлерін алып, сол жердегі жергілікті мәслихаттар, депутаттар, шаруа қожалықтары алдарына мал салып беріп, жұмысқа орналастырып, жағдайларын жасап жатыр, – дейді облыстық мәслихат төрағасы Мұрат МҰҚАЕВ.

Жайық жерінде басталған жоба еліміздің өзге өңірлерінде де қолдау табуда. Бұған Орал қаласында жобаның жүзеге асырылуы тәжірибесін зерделеген көшпелі отырыста көз жеткен. Бүгінгі күні Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл облыстарында аталған бағдарлама жүзеге асырыла бастаған.

«Қаладан ауылға» бағдарламасы ауылдық аймақтарды дамытудың нақты құралы екенін көрсетті. Мұндай бастама алдағы уақытта мемлекеттік жобаға айналады деп күтілуде. Жоба ел аумағында бағдарламаға енгізілсе елді мекендерді дамытудың жаңа деңгейіне шығып, халықтың өмір сүру сапасын көтерері ақиқат.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!