“Кеткім келмейді”. Қазақстан Нигерия азаматына қатты ұнады

Қайтейік енді

23.08.2025,

  в 13:17

647

“Қазақ елі осындай” деп мақтап баратын сияқты

Қостанай облысындағы Лисаков қалалық сотында Қазақстанға тым бөтен бір елдің азаматына қатысты көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік іс қаралды.

Сөйтсек, Федеративтік Нигерия Республикасының азаматы И. 2023 жылдың ақпан айында іскерлік сапарға арналған визамен Қазақстанға келген екен. Визасының мерзімі 2023 жылдың 10-шы сәуіріне дейін болған. Бірақ ол көші-қон заңнамасын бұзып, заңнамада белгіленген мерзім аяқталғаннан кейінгі он тәулік ішінде “Қазақ елінен” шықпай, осында кідіріп қалған.

Содан 2025 жылдың сәуірінде Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық сотының қаулысымен кінәлі деп танылып, Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жазаға тартылған. Алайда сол белгіленген он күндік мерзім өткен соң да елден шығудан жалтарған.

2025 жылдың тамызында Лисаков қаласында ұсталды. Бұл жолы сотта И. өз кінәсін мойындап, бастапқыда 30 күнге арналған іскерлік сапарға электрондық виза алғанын, Қазақстанда визасын ұзартпай жүргенін, себебі ұлттық паспорты болмағанын түсіндірді. Оның айтуынша, визаны ұзарту кезінде оны агент алдап, құжатын қайтармаған. Паспорт тек 2024 жылдың желтоқсанында қайтарылған. Ол Қазақстан аумағын тастап кетуге міндеттенетінін және билеті бар екенін айтты.

Істің мән-жайларын және жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатын ескере отырып, азамат И. кінәлі деп танылып, оған 1 тәулікке әкімшілік қамауға алу және Қазақстан аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза қолданылды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Фото: pixabay.com.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!