Павлодарда мұқтаж отбасыларға сапасыз үй салып бере салыпты

Қайтейік енді

29.03.2026,

  в 18:00

182

Мердігер не дейді? Құрылыстағы кем-кетік қашан дұрысталады?

Павлодарда сапасыз салынған үй тұрындарды әбігерге салды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілген баспаналардың қабырғалары қақырап кеткен, деп хабарлайды Жетінші арна.

Бұл отбасы былтыр ғана Жетекші ауылынан баспана алып, қоныстойын тойлаған. Алайда қуаныштары көпке созылмады. Айтуларынша, үйді жылытатын пеш үнемі істен шығады. Салдарынан қабырғалар көгеріп, жарық пайда болған. Көмірді екі есе көп шығындайды. Кәріз жүйесінде де ақау бар.

Ал бұл үйдің ай сайынғы жалдау ақысы – 16 мың теңге. Баспананың жалпы құны 19 миллион теңгеге бағаланған. «Үй аса қымбат болмағанымен, сапасы сын көтермейді», – дейді тұрғындар.

Бұған дейін акт жасап, кемшіліктерді жоюды талап еттік. Енді күн жылығанын күтіп отырмыз. Не істейтіндерін көреміз. Бірақ келісімшарттағы мерзім – желтоқсанның 24-іне дейін. Сол уақытқа дейін үлгермесе, бәрін өз қаражатымызға жөндеуге тура келеді, – дейді Бақыт ДАЙЫРОВА, Жетекші ауылының тұрғыны.

Павлодар қаласы әкімдігінде отырған шенділердің айтуынша, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға баспана алу үшін қаржы соңғы үш жыл бойы бөлініп келеді. 2022 жылдан бері жеке инвестор Жетекші ауылында 36 пәтерге арналған баспана салған. Құрылысқа берілген кепілдік мерзімі – екі жыл.

Барлық үйді аралап шықтық. Әр пәтер бойынша тексеру актілері жасалып, мердігерге жолданды. Егер кемшіліктер жойылмаса, сотқа жүгінеміз. Тұрғындардың шағымы назардан тыс қалмайды, барлық ақау рет-ретімен түзетіледі,– деді қала әкімінің орынбасары Қадиша БЕГОТАЕВА.

Ал кепілдік мерзімінің аяқталуына тоғыз ай қалды. Әкімдік өкілдері күн жылынған соң мердігер барлық кем-кетікті жояды деп сендірді. Ал атқарылған жұмыстарды арнайы комиссия қабылдап алады.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!