Павлодарда жаңажылдық шараларға жылдағыдан 8 есе аз қаражат бөлінді

Қайтейік енді

13.11.2025,

  в 15:00

375

Былтыр Павлодар қаласында жаңажылдық іс-шараларға 190 млн теңге бөлінген еді

Биыл облыс орталығында жаңа жылдық іс-шараларға және қаланы безендіруге 23 млн теңге көзделген. Шаһар бойынша 22 хоккей кортын құю және 10 сырғанау алаңын орнату жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, өткен жылғы мерекелік безендіру құрылғылары жарамды күйде сақталған және ол қаланы Жаңа жыл мейрамына орай әсемдеген кезде толық қолданылады. 

– Орталық алаңда екі сырғанау алаңы, жағалаудың Естай көшесімен түсетін орнында мұз қалашығы, қаланың шағын аудандарында 22 хоккей кортын құю және 10 сырғанау алаңын орнату жоспарланған. Мерекелік безендіру шеңберінде 3 жасанды қылқанды шырша, шырша түріндегі 5 металл құрылымын орнату, сондай-ақ қала бойынша шамамен 400 сәндік элементтер – шағын жасанды шыршалар, ағаштардағы аспалы безендірулер, жарық шамдарын орналастыру көзделген. Барлық іс-шараға және қаланы безендіруге 23 млн теңге бөлінді, – деп хабарлады әкімдіктен.

Былтыр Павлодар қаласында жаңажылдық іс-шараларға 190 млн теңге бөлінген еді. Биыл қарастырылып отырған қаражат көлемі былтырғыдан 8 есе аз екені байқалады.

Сондай-ақ қысқы кезеңде қаланың мұз корттарында және шаңғы базаларында қысқы спорт түрлері – биатлон, шаңғымен жүгіру спорты, шаңғы жарыстары, мәнерлеп сырғанау, фристайл-акробатика және шайбалы хоккей бойынша жарыстар өтеді деп күтіліп отыр. Желтоқсан айының екінші жартысында қаланың Орталық алаңында бас шыршаның шамдары жағылып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа жылдық мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады. 

Ал Ақсу қаласының билігі шаһарды мерекеге орай безендіруге 3,4 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылғанын хабарлады. Аталған қаражатқа шыршаларды орнату, жарық шамдарын құрастыру және өзге де безендіру жұмыстары кіреді. 

2024 жылдың қаңтар айында Павлодарда 52 млн теңгенің шыршасы қатты желге шыдамай омақаса құлаған. Кейін әкімдік өкілдері оның қайтадан қалпына келтірілгенін мәлімдеген еді. Аталған шырша биыл да алаңға қайта құрылады.

Фото: youtube.com/@vpavlike1034.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!