Қарағандының экологиясы да құрып біткен екен

Қайтейік енді

07.02.2026,

  в 14:00

326

Ащы түтін мен өткір иістен демалу қиындап, басың айналады

Қарағанды – елдегі ауасы лас қалалардың көшін бастап тұр. Әсіресе желсіз, тымық күндері шаһарды қою қара түтін тұмшалайды, деп хабарлайды 24.kz.

Мұндай кезде тұрғындар үйден шықпауға тырысады. Себебі ауада көмірқышқыл газы артып, тыныс алу қиындайды.

Экологтар бұл мәселені жекеменшік секторды жылытуға қолданатын сапасыз көмірмен байланыстырады. Мамандар «мәселені шешудің жалғыз жолы – жеке үйлердің жылу жүйесін толық газға ауыстыру керек», дейді.

Қарағанды қаласында қыс мезгілінде ай сайын кемінде 20 күн бойы ауадағы зиянды заттардың шекті мөлшерден асып кету жағдайлары тіркеледі. Әсіресе жекеменшік секторда жағдай күрделі: тұрғын үйлерді жиі қою түтін басып тұрады.

Экологтардың айтуынша, ахуалдың ушығуына тұрғындардың үйлерін жылыту үшін пайдаланатын сапасыз көмір себеп болып отыр.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, мезгілсіз өлім-жітімнің 30 пайызы ауаның ластануымен байланысты. Ал Қарағанды үнемі Қазақстандағы ең лас 10 қаланың қатарында. Биыл қыста тіпті бірінші орынға шықты. Себебі жеке үйлердің тұрғындары сапасыз көмір жағады. Оны мұржалардан шыққан өте улы түтіннен, қанша көмір салсаң, сонша шығатын күлден-ақ байқауға болады. Сондықтан халыққа сатылатын көмірдің сапасына бақылауды күшейту қажет, – дейді эколог Дмитрий КАЛМЫКОВ.

Қаладағы жеке сектордың көбі пеш жағады. Биыл Корней ГАРДЕР деген бір кісі ақшасын үнемдемей, қымбатырақ отын сатып алған. Алайда айырмашылығы байқалмапты. Тоннасы 16 мың теңге тұратын көмір де, 27 мың теңгелік көмір де нашар жанады.

– Көмірдің сапасы өте нашар. Амалсыз жағамыз, маңайды түтін басып кетеді. Әсіресе кешке қарай сыртқа шықсаң, ештеңе көрінбейді. Дала тұман секілді әсер қалдырады, – дейді қала тұрғыны Корней Гардер.

Қарағандыда қыс мезгілінде ауа ластануының жоғары деңгейі тұрақты түрде бес жылдан бері сақталып келеді. «Қолқаны қапқан ащы түтін мен өткір иістен демалу қиындап, басың айналады», – дейді тұрғындар.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандардың пікірінше, өңірдегі экологиялық мәселені шешудің бірден-бір жолы – жеке сектор мен өндіріс орындарын газдандыру.

Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларында шамамен 270 шақырым газ желісі тартылған. Қазір 7,5 мыңға жуық үй көгілдір отынмен қамтылған. Биыл тағы 90 шақырым құбыр тарту жоспарланып отыр.

– Биыл Қарағандының Таугүл және Күнгей шағын аудандарына газ желісі тартылады. Шамамен 4000 үй қамтылады. Бұл жұмысқа республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Жалпы жоспарда Ақтау мен Ғабиден Мұстафин кенттері және Шет ауданы бар. Бұл жобаларды қаржыландыру мәселесі әлі шешілген жоқ. Біз салалық министрлікке әр тоқсан сайын бюджеттік өтінімдер береміз, егер нақтылау кезінде қаражат бөлінсе, осы жобаларды да жүзеге асырамыз, – дейді Диас ҚАЙЫРКЕНОВ, Энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы.

Өңір бойынша жеке сектордағы 30 мың үйді көгілдір отынмен қамту жоспарланған. Сонымен қатар кәсіпорындардан ауаға таралатын зиянды қалдықты азайту үшін «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағындағы зауыттарды газдандыру жобасы әзірленіп жатыр. Бұл өңір экологиясын анағұрлым жақсартуға сеп болады.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!