Қазақстанда көлігіне ту ілгендер жаппай айыппұл арқалады

Қайтейік енді

19.12.2025,

  в 16:00

290

Көк байрағымызды көлікке тігу заң бұзушылық болып санала ма?

Елімізде көлігіне ту ілгендер айыппұл арқалады. Тәуелсіздік күні патриоттық ұстанымын көрсетіп, мемлекеттік рәмізді көліктен шығарғандар жазаланды, деп хабарлайды Информбюро 31.

Жүргізушілерді жол үстінде тоқтатқан полиция жаппай хаттама толтырды. Түсініспеушілік дәл осы тұста туындаған. Көпшілік тәртіп сақшылардың бұл әрекетін түсінбей, наразылықтарын жарыса жазды.

Тәуелсіздік күніне орай еліміздің әр өңірінде жүздеген азамат көліктеріне мемлекеттік ту іліп, мерекелік көңіл-күйін білдіргісі келген. Алайда кейбір жүргізушілерді полиция қызметкерлері тоқтатып, туды алдыртып, тіпті айыппұл салған.

Дәл осы жағдай қоғамда үлкен наразылық тудырды. Халық тәртіп сақшыларының бұл әрекетін түсінбей, патриотизмге қарсы қысым деп қабылдап жатыр. Темір тұлпарға ту тігуге заңмен тыйым салынбайды. Басты шарт – қауіпсіздік пен жол ережесін сақтау. Алайда кейбір жүргізушілер мерекені желеу етіп, қозғалысқа кедергі келтірген дейді полицейлер.

Тексеру нәтижесінде жүргізушілер көлікті басқару құқығынсыз жүргізгені үшін, апаттық жағдай туғызғаны үшін және көлікті заңсыз жабдықтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл шаралардың мемлекеттік туды пайдалануға қатысы жоқ… Көлікті заңсыз тоқтатуға байланысты деректер тексерілуде. Кінәлі полиция қызметкерлері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады, – дейді Ақтоты БОРАНОВА, ҚР ІІМ ӘПК инспекторы.

Ал елімізде мемлекеттік рәміздерді қорлаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни, еліміздің нышандарын жағып, аяқпен таптаса, 9-10 миллион теңгеге дейін айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал көк байрағымызды қолдануда шектеу жоқ.

– Тікелей туды қолдануға бізде ешқандай шектеу жоқ. Қайта оны патриотизмді насихаттаудың бір актісі ретінде қабылдауға болады. Сондықтан мекемеге ілуге де, терезеге, балконға немесе көлікте қолдануға да ешқандай тыйым қарастырылмаған, – дейді заңгер Нұрсұлтан ОРЫНБЕКОВ.

Дегенмен заңда жауапкершілік те бар. Егер ту жыртылса, теріс ілінсе әкімшілік жазаға тартыласыз. Айыппұл көлемі жағдайға байланысты 200 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан да тәуелсіз елдің белгісін құрметтеп, тәртіпке бағынған абзал.

Фото: F16.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!