Қазақстанда көлікке газ қойдыруға тыйым салу ұсынылды

Қайтейік енді

18.09.2025,

  в 16:30

264

Елімізде жыл сайын шамамен 2 мыңға жуық көлік газға ауысады

Қазақстанда көлікке газ қойдыруға түбегейлі тыйым салу ұсынылды. Негізі бензинмен жүретін тұлпарды газға ауыстыруға бүгінде заңда шектеу жоқ, дегенмен қатаң талап бар. Бірақ сарапшы Олжас БАЙДІЛДИНОВ рұқсат беруді мүлдем тоқтату керек дейді, деп хабарлайды Информбюро 31.

Оның пікірінше, газға ауысқан көліктер қауіпсіздік талаптарына сай емес, жарылып жатқандар да солар.

Ал бұл ұсынысқа автосарапшылар мен халық не дейді?

Сұйытылған газ — қазір еліміздің қай өңірінде болмасын көлікті жүргізетін ең арзан отын. Елімізде жыл сайын шамамен 2 мыңға жуық көлік газға ауысады. Мұнай-газ саласындағы сарапшы Олжас Байділдинов бұл үрдіске түбегейлі қарсы. Себебі соның кесірінен 3 күн бұрынғы Шымкенттегідей көлік жарылысы, тағы да басқа апаттар жиіледі дейді.

— Қазір елде ресми түрде газ қондырғысын қойдырған 700 мың көлік тіркелген. Ал ешбір рұқсатсыз көгілдір отынға ауысқан кемінде 100, тіпті 200 мың машина жүр. Себебі құжатсыз газ қондыру өте арзан. Бірақ оның қауіпсіздігіне кепілдік жоқ. Оның үстіне бүгін де онсыз да тапшылығы байқалатын газ шығынының артуына әкеліп жатыр, — дейді ҚР Энергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Байділдинов.

Ал автосарапшы Алексей АЛЕКСЕЕВ газ қоюға тыйым салу мүмкін емес дейді. Өйткені елімізде, әсіресе Батыста жүргізушінің жартысынан көбі сұйытылған газ тұтынады. Одан бөлек, газ орнатқан көлікті уақытылы тексеріп, талап сақтаса ешқандай ақау болмайтынынан сенімді.

— Газбен жүретін көліктердің жарылуы сирек жағдай. Бензин құятын машиналар да өртеніп жатыр. Мәселе отында емес. Түйткіл техникалық бақылау саласында. Мемлекет көліктің жағдайына тексеріс жасауды күшейту қажет. Тыйым салумен мәселе шешілмейді. Кеше рұқсат беріп, бүгін шектеуге болмайды, — дейді автосарапшы Алексей Алексеев.

Ал халықтың бұл мәселеге қатысты пікірі әртүрлі. Десе де халықтың көбі шығынның аздығынан таңдау автогазға түсті деп отыр. Айта кетсек, қазір сұйытылған газдың ең қымбаты елде 112 теңге. Ал ең арзан деген АИ-92 маркалы бензиннің бүгінде литрі 231-233 теңге аралығында.

Фото: yandex.kz.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!