Қазақстандағы алғашқы крематорий сәуірде ашылады

Қайтейік енді

04.04.2026,

  в 16:00

220

Оның құрылысына жалпы 1,5 миллиард теңге жұмсалған

Құрылысы бітсе де есігі әлі жабық тұрған Қазақстандағы алғашқы крематорий сәуірде ашылады. Алматы әкімдігі өлілерді өртейтін мекеменің жұмысын осы айдың аяғына дейін бастау жоспарланғанын хабарлады. Бүгінде құжатын рәсімдеу аяқталуға жақын, деп хабарлайды Информбюро 31.

Алматыдағы ғана емес, жалпы Қазақстандағы алғашқы крематорий Алатау ауданындағы мәйітхананың жанында орналасқан. Негізі құрылысы осыдан 5 жыл бұрын біткен. Бірақ әлі күнге дейін жұмысын бастаған жоқ. Енді әкімдік бұл жолы сәуірден қалмай ашамыз деп отыр.

«Крематорийдің ашылуы 2026 жылдың сәуір айының үшінші онкүндігіне жоспарланған. Крематорийдің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық патологоанатомиялық бюро» КМК тарапынан ішкі ұйымдастырушылық-өкімдік құжаттар әзірленді. Олардың қатарында көрсетілетін қызметтердің баға прейскуранты мен крематорий қызметінің қағидалары бар», делінеді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Денсаулық сақтау басқармасы әзірге қызметтің құнын жария етпеді.

Кремация қайтыс болған адамның өз ерік білдіруіне сәйкес жүзеге асырылмақ. Яғни, таңдау беріледі.

Бірақ марқұмға кремация жасауды Діни басқарма құптамайды. Оған қатысты былтыр үкім де шығарған. Онда мүфтият “Жалпы мұсылман үмметі адам дүниеден өткен соң оны жерлеу керектігіне бір ауыздан келіскен. Ал оны өртеу болса мәйітті қорлау, азаптау болып саналады” деп мәлімдейді.

Айта кетсек, бұған дейін әкімдік Алматыдағы мемлекеттің алғашқы крематорийі жұмыс істеуге толық дайын екенін, тек құжаттарын реттеу қалғанын хабарлаған.

Нысан құрылысына жалпы 1,5 миллиард теңге жұмсалған.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!