Қайтейік енді
29.12.2025,
в 10:30
192
Қазақстанда дәрігер болу – адам емдеуден гөрі қағаз толтыруға көбірек уақыт бөлетін мамандыққа айналып кетті. Соңғы жылдары жүздеген ақ халатты абзал жан елден кетіп, кәсіби өмірін шетелде жалғастыруды таңдады, деп жазады el.kz.
Мәжіліс мінберінде медицина кадрларының тапшылығы тағы да күн тәртібіне шықты. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур СҰЛТАНҒАЗИЕВТІҢ айтуынша, соңғы бес жылдың ішінде шамамен 2 500 дәрігер Қазақстаннан басқа елдерге жұмыс істеу үшін кеткен. Оның сөзінше, медицина қызметкерлеріне қарсы күш қолдану салдарынан жұмыстан шығу бойынша нақты статистика жоқ, алайда салада дәрігерлер мен орта буын мамандардың жетіспеушілігі айқын сезіледі.
Парламент мүшелері еліміздегі білікті дәрігерлердің шетелге кету себептері мен оларды алып қалудың жолдары жайлы пікір білдірді. Депутат Елнұр БЕЙСЕМБАЕВ шетелге кетіп жатқан дәрігерлердің көптігін, керісінше, оң сигнал деп бағалады.
– Біріншіден, шетелге жұмысқа кетіп жатыр деген сөз – ол жақсы ақпарат, өйткені сұраныс бар, оның өсуіне мүмкіндік бар. Яғни Қазақстанның білімі, осында қаланған тәжірибесі шетелде сұранысқа ие болса, ол біздің медицина саласындағы инклюзиялық ортаның пайда болғанының бірден-бір әсері. Екінші жағынан, өзімізге де жетпей жатқан осындай мамандардың кеткені ауырлау, бірақ ол жақта жалақы жоғары болса, жаңа бір тәжірибе алатын болса, Қазақстанды басқа бір қырынан көрсететін мүмкіндіктер болатын болса, оларға есік ашық, – деді мәжілісмен Елнұр Бейсембаев.
Ал депутат Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ мәселені кешенді түрде шешудің қажеттілігін айтты. Ол президент тапсырмасы аясында дәрігерлерді қолдау бойынша бірқатар шара қолға алынғанын, бірақ әлі де шешілуі тиіс мәселелер бар екенін атап көрсетті. Аймағамбетов дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы мен жалақысы әлі күнге дейін күн тәртібінде екенін, жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы да мардымды еместігін алға тартты. Сондай-ақ олардың қауіпсіздігіне баса назар аудару керектігіне, медицина қызметкерлерін ұрып-соғу ісі бойынша қабылданып жатқан қадамдарға тоқталды. Бұған қоса, денсаулық сақтау саласында цифрландыру мәселесі толығымен шешілмегенін айтты.
– Бұл кешенді мәселе, біріншіден, әлеуметтік мәселелерді шешу – әлі күнге дейін күн тәртібінде тұрған сұрақ. Жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысы қандай екенін өздеріңіз де естідіңіздер. Екінші мәселе – қауіпсіздік мәселесі, бұл проблеманы шешу үшін біз, депутаттар, үлкен қадам жасадық деп ойлаймын. Яғни дәрігерлердің қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Сондай-ақ біздегі цифрландыру мәселесі де оңып тұрған жоқ, – деді Асхат Аймағамбетов.
Германияда жұмыс істеп жүрген қазақстандық дәрігер Оразбек ТӘШІМБЕТОВТІҢ елден кетуіне басты себеп – жүйе.
– Қазақстанда дәрігер болып жұмыс істеп көрмедім. Себебі, мен 7-курсты бітірген соң бірден Германияға кетіп қалдым. Оқып жүрген шағымда санитар және мейіргер болып жұмыс істедім. Көп уақытымыз құжатпен жұмысқа кететін. Соның кесірінен науқастар да дәрігердің жұмысына көңілі толмай, шағымданатын, – дейді маман.
Оның айтуынша, дәрігердің пациентке толық көңіл бөле алмауы – жалқаулықтан емес.
– Науқасқа көп қараса, құжаты толтырылмайды, құжат толтырса, науқасқа қарай алмайды. Дәрігерлер осы шеңберден шыға алмай жүреді. Бір науқасты қабылдап болған соң, оған қатысты қандай ем тағайындап, қайда жібергеніңе дейін бәрін жазасың. Ал сол сәтте келесі науқас келеді, – деді ол.
Оразбектің сөзінше, Германия медицинасы да «мінсіз» емес, бірақ айырмашылық айқын.
– Германия ақ халатты абзал жандарға аса қатты құрметпен қарайтын ТОП-5 мемлекетке кіреді. Соған сай дәрігерлер де пациенттерге жақсы қарайды. Күн сайын 8 сағат жұмыс істеп, жұмыста артық уақыт өткізсең, созылған уақытқа ақша төленеді, – деп нақтылады дәрігер.
Материалдық жағдай да маңызды рөл атқарады.
– Облыс пен аурухананың мекенжайына және дәрігердің біліктілігіне сай жалақысы да өзгеріп отырады. Бастысы, еңбегі лайықты бағаланады, – деді ол.
Ол бастапқыда қателескенін, сөйте тұра айналасындағылар оған қолдау көрсеткенін тілге тиек етті:
– Қазақстанда алған 7 жылдық біліміммен келіп, қателескен кездерім де көп болды. Дегенмен мұндағы дәрігерлер қателесуді қалыпты жағдай деп қабылдайды, үйретуден жалықпайды, әр нәрсені бүге-шүгесіне дейін түсіндіреді… Тағы бір артық тұсы – құжаттармен бас қатырмайсың.
Дәрігерлердің шетелге кетуі – бір мезеттік тренд емес, жүйедегі жылдар бойы жиналған түйткілдердің салдары. Бірі – кәсіби тұрғыда өсуді, бірі – қауіпсіздікті, енді бірі қарапайым жұмыс тәртібін іздейді. Бұл сұраққа жауап тек тыйыммен немесе үндеумен емес, медицинадағы нақты өзгерістермен ғана табылмақ.
Фото: iStock.
АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!
Реклама
24.12.2025,
18:00
25.12.2025,
16:00
25.12.2025,
10:30
25.12.2025,
12:00
Реклама
Реклама