ҚазҰУ жатақханасындағы өлім: университет үнсіз, студенттер де тым-тырыс

Қайтейік енді

09.11.2026,

  в 19:00

228

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің №5 жатақханасында журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды. Оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екені туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Арада екі күн өтсе де, университет басшылығы қайғылы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме бермеді. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.

Hronika.kz тілшісі оқиға орнына барып, мән-жайды анықтауға тырысты. Алайда студенттердің көбі үнсіз, ал кейбірі басшылықтың болған жағдайды талқылауға тыйым салғанын айтады.

Студенттер неге үнсіз?

6 қараша күні кешкі сағат сегізден кейін ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмды деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей есті. ҚазҰУ – мыңдаған студент білім алатын ірі оқу орны болғанымен журналистика факультетінің студенті қайтыс болғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін біз тілдескен жастардың көбі бұл оқиғадан бейхабар болып шықты.

«Ештеңе білмейміз, естімедік. Біз ол факультетте оқымаймыз», – дейді студенттер бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай.

Алайда аты-жөнін жарияламауды бірнеше студенттің айтуынша, университет басшылығы бұларға болған оқиға туралы ешкімге ақпарат таратпау керектігін ескерткен. Тіпті бұл тақырыпты өзара мессенджерлерде талқыламауға шақырған. Олардың сөзінше, ескертуге бағынбаған жағдайда оқудан шығарылуы мүмкін екені де айтылған.

Әлеуметтік желілерде студент қыздың өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Біз сөйлескен, аты-жөнін жарияламауды өтінген студенттер де осы нұсқаны айтты. Алайда бұл мәліметті полиция әзірге ресми түрде растаған жоқ.

Декан не дейді?

Біз болған оқиғадан кейін факультетке де, жатақханаға да бардық. Факультетте сабақ әдеттегідей өтіп жатты. Көзге түскен ерекше жағдай байқалмады. Студенттердің көбі журналистермен сөйлесуге құлық танытпай, аудиторияларға асықты.

Оқиға болған №5 жатақханада да күнделікті тіршілік жалғасып жатты. Студенттер кіріп-шығып жүр, сырт көзге қайғылы жағдайдың ізі байқалмайды

Декан қызметіне жуырда тағайындалған Ысқақ ЕГЕМБЕРДИЕВПЕН тілдестік. Деканның айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаны полиция тергеп жатыр. Сондықтан тергеу аяқталғанша артық ақпарат бере алмайтынын жеткізді.

Марқұм туралы не белгілі?

Қолда бар мәліметке сәйкес, марқұм – журналистика факультетінің бірінші курс студенті. Ол Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Жылға ауылының тумасы екен.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қыздың ата-анасы жоқ деген туралы ақпарат тараған еді. Марқұмды тәрбиелеп өсірген жақын адамының айтуынша, қыз төрт жасында анасынан айырылған ал әкесінің басқа жанұясы бар екен. Асыраушысы сөйлесуге аса құлық танытпай, тек қысқа жауаппен ғана шектелді.

«Мен заң жүзінде асыраушысы болғаныммен, негізі төрт жасынан қолымда өскен соң анасымын ғой. Неге бұлай болғанын білмеймін. Өзімнің де басым қатып отыр, осыны ойлап», – деді ол.

Кей дереккөздердің мәліметінше, жатақхананың бесінші қабатындағы екі адамға арналған бөлмеде ешкім жоқ кезде қыз асылып қалған. Қайғылы жағдай кешкі сағат сегізден өте тіркеліпті. Оқиғадан соң факультет деканы мен проректор марқұмның денесін Сарыағаш, Жылға ауылына апаруға көмектесіп, сол жерде жерлеу рәсіміне де қатысқан екен.

Университеттің ұстанымы қандай?

Қайғылы оқиғадан кейін ҚазҰУ баспасөз қызметіне де хабарластық. Алайда баспасөз хатшысы университет тарапынан қосымша ақпарат бере алмайтынын айтып, журналистерді полиция департаментіне сілтеді. Оның сөзінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге болмайды.

Ал полиция департаменті бұған дейін оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.

«Өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де мәліметтері жария етуге жатпайды», – деп мәлімдеді полиция.

Қорыта келгенде суденттің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарағанымен, оның өлімінің нақты себебін университет те, полиция да растаған жоқ.

Алайда, әлі де жауапсыз қалған сұрақтар бар: университет басшылығы студенттің қандай да бір мәселелері болғанынан хабардар ма еді? Неліктен студенттер болған жағдай туралы ашық айтуға қорқады? Әзірге бұл сұрақтардың ешқайсысына нақты жауап жоқ.

Былтыр да осындай жағдай болған

2025 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы студентті өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Сол кезде екінші курс студенті ректораттың 14-қабатынан құлап, оқиға орнында көз жұмды. Полиция мәліметінше, қыз өлер алдында хат қалдырған екен.

ҚазҰУ-де не боп жатыр?

2021 жылдан бері университетті Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ басқарып келеді. Оның басшылығы тұсында ҚазҰУ бірнеше рет түрлі даудың ортасында қалды. 2024 жылдың ақпанында студенттердің чаттарында қыздардың жеке деректері, соның ішінде ЖСН-дері, телефон нөмірлері мен интимдік өміріне қатысты мәліметтер жазылған құжаттар тарады. Бұл оқиға қоғамда «пәк қыздардың тізімі» деген даумен есте қалды. Университет болған жағдайды медициналық орталық қызметкерінің қателігімен түсіндірді. Алматы прокуратурасы жеке деректер мен дәрігерлік құпияны жария ету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеді.

Алайда араға екі жыл салып, жағдай қайталанды. 2026 жылдың сәуірінде студенттер мен университет қызметкерлерінің жеке деректері тағы да тарағаны белгілі болды.

Университетке қатысты мәселелер жеке деректердің таралуымен ғана шектелмеді. 2026 жылдың қыркүйегінде ҚазҰУ-ға қарасты Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының жағдайы да қоғам назарын аударды. 24 қыркүйекке қараған түні ғимараттың шатырының бір бөлігі опырылып түсіп, сол маңдағы тұрғындардың зәресін алып, оқиға орнынан түсірілген, зақымданған құрылымдар мен шаң басқан аумақ бейнеленген видео әлеуметтік желілерде тараған еді.

Фото: © Hronika.kz / Перизат Жарылқасын.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!