Семей тұрғындары баспаналы боламыз деп барынан айырылды

Қайтейік енді

08.03.2026,

  в 18:00

397

Іс неге сотта тұралап қалды? Күдіктілердің арасында кімдер бар?

Баспаналы боламыз деп барынан айырылды. Семейде қаржы пирамидасына сеніп, сан соғып қалғандардың қатары 140-тан асып кеткен. Жәбірленушілердің арасында бес баласымен далада қалғандар бар. 200 миллион теңгесін алаяқтардың қолына өз еркімен санап бергендер де бар. Келтірілген шығын 1 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды Жетінші арна.

Бір жарым жылдан бері пәтер жалдап жүрген семейлік Гүлсая ДҮЙСЕКЕНОВА 2024 жылы қаржы пирамидасының құрбаны болғанын айтады. Оның сөзінше, танысы «ақша салсаң, бес балаңмен кең үйге кіресің» деп сендірген. Отбасы 15 миллион теңгені өз қолымен тапсырған. Алайда уәде орындалмаған. Қазір көпбалалы ана туыстарын паналап жүр.

Таныс болғандықтан алданамыз деп ойлаған жоқпыз. Сөздің шындығы керек. Бес баламыздың, ерекше баламның бар екенін, отбасымыздың жағдайын біліп тұрып адам осындай істеп кетеді деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Соттың әділ шешімі болады деген үміттеміз, – дейді қала тұрғыны Гүлсая Дүйсекенова.

Ірі көлемде қаражат салғандардың қатарында көпбалалы әке де бар. Ол 200 миллион теңгеге жуық қаржысынан айырылғанын айтады.

Жәбірленушілердің айтуынша, қаржысынан айырылуды көтере алмағандар да бар. Көлік пен баспана алып, балаларға жарқын болашақ сыйлауды көздегендердің үміті ақталмады. Семей қаласының өзінде 141 адам жәбірленуші деп танылған.

Қылмыстық іс бойынша бір миллиардтан асқан залал келтірілген болатын. Соның ішінде 222 миллион теңгеден астам ішінара залал өтелген. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сот қарауында, — дейді Экономикалық тексеру департаменті басшысының орынбасары Сәкен ҚОНДЫБАЕВ.

Іс бойынша алты адам күдікті ретінде танылған. Оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 217 және 262-баптары бойынша айып тағылған. Тергеу дерегінше, төлемдер бір салымшының қаражатын екіншісіне аудару арқылы жүргізілген.

Мамандар азаматтарды қаржы салу кезінде сақ болуға шақырады.

Фото: видеодан кадр.

АЛЫП-ҚОСАРЫҢЫЗ БОЛСА, ТАЛҚЫЛАЙТЫН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!